Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтарға ордендер, медальдар және құрметті атақтар берілді.
Марапатталғандардың қатарында тіл мамандары, ғалымдар, ұстаздар, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Кімдер марапатталды?
"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлына берілді.
Ал "Ел бірлігі" орденімен Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы орталық кеңесінің мүшесі Сауытбек Абдрахманов марапатталды.
"Құрмет" орденіне төрт азамат ие болды. Олар:
- Эльдана Габерман – Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің солисі;
- Анна Данченко – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы;
- Жамал Манкеева – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері;
- Қыздархан Рысберген – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері.
"Ерен еңбегі үшін" медалімен еліміздің білім және қоғамдық қызмет саласында еңбек етіп жүрген төрт азамат марапатталды. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Кустовое негізгі мектебінің мұғалімі Максим Кузнецов, Bilim Group компаниялар тобының бас заңгері Бекзада Әбілқасымов, "Білім Орда" халықаралық қоғамдық қорының президенті Ержан Әубәкіров және BMG UpSkill компаниясының жоба жетекшісі Анар Құрманжан бар.
Сонымен қатар "Шапағат" медалі төрт азаматқа табысталды. Атап айтқанда, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Юрий Гагарин атындағы орта мектептің мұғалімі Евгений Кравчук, Көкшетау қаласының қазақ тілі оқытушысы Юлия Лагуткина, Qostanai TV телеарнасының редакторы Анель Пимичева және Қостанай облысының музыканты әрі әншісі Александр Фролов марапатталды.