Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін дамыту еліміздегі басқа тілдердің қолданылуына кедергі келтірмеуі керек екенін айтты. Мемлекет басшысы тіл мәселесін қоғамда алауыздық тудыру үшін пайдаланатын азаматтарға қатысты да пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында сөйлеген Президент мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында да ел бірлігін нығайтатын басты факторлардың бірі мемлекеттік тіл екенін атап өткенін еске салды.
Сонымен қатар ол қазақ тілінің дамуын елімізде қолданылатын өзге тілдерге қарсы қоюға болмайтынын жеткізді.
«Мен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл екенін нақты айттым. Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды», – деді Президент.
«Арандатушыларды жауапкершілікке тарту керек»
Мемлекет басшысы тіл мәселесін пайдаланып, қоғамда жанжал туғызуға әрекеттенетін адамдардың іс-әрекетіне де назар аударды.
Оның айтуынша, мұндай әрекеттер ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімге қауіп төндіреді.
«Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кез келген тілге құрметпен қарау қажеттігін айтып, бір тілді екіншісіне қарсы қоюды қате ұстаным деп бағалады.
«Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей. Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз», – деді ол.
Қазақ тілі бірлік пен ынтымақтың тілі болуы тиіс
Мемлекет басшысы қазақ тілінің қоғамдағы біріктіруші рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.
Оның пікірінше, мемлекеттік тіл Қазақстан халқын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып қана қоймай, халықаралық деңгейде де тартымды тілге айналуы керек.
«Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын бір-біріне құрметпен қарап, қоғамдық келісімді сақтауға шақырды.
Ол халықтың тұтастығы мемлекеттің дамуы мен халықаралық беделі үшін маңызды екенін жеткізді.
«Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Президент «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген халық даналығын мысалға келтіріп, өзара сыйластық пен ынтымақты нығайту қажеттігін атап өтті.