Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ай сайын 1,2 млн теңге жалақы алатынын және коммуналдық қызметтерге шамамен 75 мың теңге жұмсайтынын айтты. Сондай-ақ министр Астанадағы Highvill тұрғын үй кешенінде тұратынын және бір автотұрақ орнын жалдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналистер министрден жеке табысы мен тұрмыстық шығындары туралы сұраған. Ақкенженовтің айтуынша, оның ай сайынғы коммуналдық төлемі 73-75 мың теңге аралығында.
Министр бұл сомаға интернет пен автотұрақ ақысы кірмейтінін нақтылады. Ол бір автотұрақ орнын жалдайтынын да айтты.
Осылайша, 1,2 млн теңге жалақының шамамен 6,25%-ы коммуналдық қызметтерге жұмсалады. Алайда бұл есепке тұрғын үйді жалдау немесе ипотека төлемі, интернет, автотұрақ және басқа да тұрмыстық шығындар кірмейді.
Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында Ақкенженов елдің энергетикалық инфрақұрылымының қысқы маусымға дайындығы туралы да баяндады.
Министрдің мәліметінше, электр стансаларында сегіз энергоблок, 49 қазандық және 37 турбина жөнделген. Өңірлік электр желілерінде 17,1 мың шақырым электр беру желісі мен 444 қосалқы стансада жөндеу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар 377 шақырым жылу желісі жөнделген.
Жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі орта есеппен 27%-ға артқан. Нәтижесінде электр стансаларының тозу деңгейі 52%-ға, электр желілерінің тозуы 65,7%-ға, жылу желілерінің тозуы 48%-ға дейін төмендеген. Ал технологиялық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға азайған.
Бұдан бөлек, министр Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы 10 айында 102 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілгенін айтты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,3%-ға көп.