Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылу электр станцияларының тозу деңгейі 52%-ға дейін төмендеген, ал электр және жылу желілеріндегі көрсеткіш тиісінше 65,7% және 48%-ды құраған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Энергетика министрі Олжас Абайұлына жасаған баяндамасында биыл электр станцияларында тоғыз энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеу жоспарланғанын айтты. Қазіргі уақытта сегіз энергия блогы, 49 қазандық және 37 турбина бойынша жөндеу жұмыстары аяқталған.
Сонымен қатар өңірлік электр желілік компаниялар 17,1 мың шақырым электр беру желісі мен 444 қосалқы станцияны жөндеуді толық аяқтаған. Жылумен жабдықтау желілеріндегі 377 шақырым учаске де жөнделген.
Министрдің мәліметінше, аталған жұмыстарды қаржыландыру көлемі орта есеппен 27%-ға артқан. Электр станцияларын жөндеуге 384 млрд теңге, электр желілеріне 393 млрд теңге, ал жылу желілеріне 198 млрд теңге бағытталған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде технологиялық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 6%-ға азайған. Электр станцияларындағы ақаулар көрсеткіші 8%-ға төмендеген.
Биылғы жылдың алғашқы 10 айында электр энергиясын өндіру көлемі 102 млрд кВт·сағатты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға өскен.
Алдағы жылыту маусымында электр энергиясына түсетін ең жоғары жүктеме 18 200 МВт деңгейіне жетеді деп болжанып отыр. Бұл өткен маусымдағы ең жоғары көрсеткіштен 3%-ға артық.
Көмір қоры 4,5 млн тоннаға жетті
Энергетика министрлігінің дерегінше, энергия көздерінің отын қоймаларында 5,8 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталған. Барлық станциялар нормативтік отын қорымен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар министрлік 255 мың тонна көлемінде әлеуметтік мазут жеткізу кестесін бекіткен. Жеткізу жұмыстары қыркүйек айынан бері жүргізіліп келеді. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне бекітілген кестенің орындалуын жеделдету тапсырылған.
Халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге қажеттілігі биылғы жылыту маусымында 7,3 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде 1,6 млн тонна коммуналдық-тұрмыстық секторға, 5,7 млн тонна халыққа қажет.
Есепті кезеңде өңірлерде 4,5 млн тонна көмір дайындалған. Бұл жалпы қажеттіліктің 62%-ына тең. Министрлік жанындағы республикалық штаб көмірмен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстап отыр. Әкімдіктерге қажетті қорды уақытылы дайындап, өңірлерде жасанды дүрбелеңге жол бермеу міндеті жүктелген.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жалғасып жатыр
Жазда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар қалада жылу желілері реконструкцияланған.
Степногорск қаласында 53 жыл пайдаланылған 9,5 шақырым жылу желісі жаңартылған. Талдықорғанда 46 жылдық тарихы бар 3,5 шақырым негізгі жылу магистралінің бірінші кезеңі реконструкцияланған. Петропавлда 1980 жылдан бері пайдаланылып келген жылу магистралінің жалпы ұзындығы 4,3 шақырым болатын екі учаскесі жаңартылған.
Қарағандыда тозу деңгейі 81%-ды құраған диаметрі 1020 миллиметр жылу магистралін реконструкциялау аяқталған. Жобаларда отандық өндірістің энергия тиімділігі жоғары алдын ала оқшауланған құбырлары қолданылған.
Электр желілерін жаңарту жұмыстары да жүргізілген. Астанада биыл 14 шақырым тарату желісі реконструкцияланған. Бұл желілерге 30 мыңнан астам абонент қосылған.
Қарағанды облысында «Жосалы» қосалқы станциясы жаңартылып, электрмен жабдықтаудың резервтік схемасы жасақталған. Сондай-ақ тозу деңгейі 92%-ға жеткен Қарағайлы әуе электр беру желісінің электр техникалық жабдықтары толық ауыстырылған.
Батыс Қазақстан облысында да бірқатар әуе электр беру желісі реконструкцияланған. Жұмыстар барысында жоғары температураға төзімді заманауи сымдар пайдаланылған.
Министрлік жылыту маусымы кезінде станциялардағы жөндеу жұмыстарын аяқтау, энергетикалық ұйымдарда авариялық материалдар мен жабдықтардың қорын қалыптастыру және отынның нормативтік деңгейін сақтау шараларын жалғастыратынын мәлімдеді.
Сонымен қатар авариялық бригадалардың толық жасақталуы мен энергетикалық нысандардың қысқы кезеңге дайындығы бақылауда болады.