Әлеуметтік желіде заңды елемейтінін ашық көрсетіп, өзіне ешқандай шара қолданылмайтынын мәлімдеген жүргізушінің әрекеті жауапсыз қалмады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған видеосын жариялаған әйелді анықтап, жауапқа тартты.
Видеода әйел қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны және бұл талапты орындаудан ашық бас тартқанын байқауға болады. Тексеріс барысында өзге де заңбұзушылықтар анықталды. Әйел бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырғаны белгілі болды.
Осыған байланысты оған қатысты бірнеше әкімшілік құқықбұзушылық дерегі бойынша іс қозғалды, көлік басқару құқығынан айырылғаннан кейін көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын бұзу, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату бойынша материалдар рәсімделді.
Жинақталған материалдар сотқа жолданды. Көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Сонымен қатар, көлік басқару құқығынан айырылған адамға көлігін берген көлік иесі де жауапкершілікке тартылды.