Kazakh Invest компаниясын "Бәйтерек" холдингіне қосу жоспарланып отыр

Kazakh Invest компаниясын "Бәйтерек" холдингіне қосу жоспарланып отыр
ашық дереккөз

Үкімет шетелдік инвестиция тарту үшін пайдаланған Kazakh Invest ұлттық компаниясы "Бәйтерек" ұлттық холдингіне қосылады. Бұл турал сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Kazakh Invest компаниясы 2017 жылы Kaznex Invest атауынан өзгертілген. Ұйым өзін инвесторларға қызмет көрсететін "бірыңғай терезе" ретінде таныстырған.

Министрдің айтуынша, қазір инвестициялық саясатқа Ұлттық экономика министрлігі жауап береді. Ал шетелдік компаниялардың қатысуымен инвестиция тарту және жобаларды жүзеге асыру міндеті Сыртқы істер министрлігіне жүктелген.

"Қазір өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Kazakh Invest ұлттық компаниясын "Бәйтерек" холдингіне қосамыз", – деді ол.

Тілеуберді Kazakh Invest инвесторларға қолдау көрсетіп, жобаларды іске асыруға жауап бергенімен, оларға бірлесіп инвестиция салу мүмкіндігі болмағанын атап өтті.

"Сондықтан "Бәйтерек" Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға және оларға бірлесіп инвестиция салуға жауапты тетік әрі институт болады деп санаймыз", – деді министр.