Қазақстан 293 млрд теңге шығындап, қоқыс өңдейтін зауыттар салмақшы

Қазақстан 293 млрд теңге шығындап, қоқыс өңдейтін зауыттар салмақшы
жи: dalanews

Қазақстанның үш ірі қаласында – Алматы, Астана және Шымкентте қоқысты энергетикалық жолмен кәдеге жарататын зауыттар салу жоспарланып отыр. Алайда мұндай кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсері қандай болмақ? Бұл сұраққа Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер вице-министрден қоқыс жағатын зауыттар қалалардағы экологиялық ахуалды нашарлатпай ма деп сұрады.

Жомарт Әлиевтің айтуынша, кәсіпорындардың жұмысы басқа өндірістік нысандар сияқты мемлекеттік бақылауда болады. Оның сөзінше, жобада қолданылатын технологиялар шығарындылар көлемі мен сапасына қатысты еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Бұл талаптар инвесторлармен жасалған келісімге бастапқы кезеңнен енгізілген.

«Бұл – қоқысты жағу процесі қоршаған ортаға зиян келтірмеуі үшін қойылатын негізгі талаптардың бірі. Зауыттар барлық еуропалық стандартқа сай жұмыс істейді. Қазір қолданылатын технологиялардың стандарттары Еуропадағы талаптардан да қатаң. Біз оларды еуропалық және отандық стандарттармен салыстырдық. Барлық көрсеткіш бойынша Қазақстан заңнамасына сәйкес келеді», – деді вице-министр.

Айта кетейік, үш қаладағы зауыттардың құрылысына қатысты қытайлық инвесторлармен жалпы құны 293 миллиард теңге болатын келісім жасалған. Жобаларды іске асыру жұмыстарын биыл жылдың соңына дейін бастау жоспарланған.

Жобалық қуаттылығы бойынша Алматыдағы кәсіпорын тәулігіне 2 мың тонна қалдықты өңдей алады. Астанадағы зауыттың қуаты – 1 200 тонна, ал Шымкентте тәулігіне 1 000 тонна қоқыс өңдеу көзделген.

Осылайша, үш кәсіпорынның жалпы тәуліктік қуаттылығы 4 200 тоннаға жетеді.

Дегенмен зауыттардың экологиялық қауіпсіздігі тек технологиялық стандарттарға ғана емес, олардың іс жүзіндегі жұмысына, шығарындыларды тұрақты бақылауға және сүзгі жүйелерінің тиімділігіне де байланысты болмақ.