Қытайдың China National Offshore Oil Corporation (CNOOC) мұнай компаниясы Атырау облысындағы Жылыой геологиялық барлау учаскесінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба аясында Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына жақын орналасқан 958 шаршы шақырым аумақ зерттелуде, деп хабарлайды dalanews.kz.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мәліметінше, қазіргі уақытта «Zhylyoi Operating» ЖШС Жылыой учаскесінде 3D сейсмикалық зерттеу жүргізіп жатыр. Жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Қытайдың CNOOC компаниясының серіктестігі аясында жүзеге асырылуда.
Қытайлық компания үшін бұл – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Зерттеу аумағы Атырау облысында, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы бойында, құрлықтан теңізге өтпелі аймақта орналасқан.
Барлау жұмыстарының бастапқы кезеңін қытайлық серіктестер қаржыландырады. Зерттеудің жалпы көлемі 400 толық еселік шаршы шақырымды құрайды.
Жобаның күрделілігі учаскенің Каспий жағалауындағы орналасуына байланысты. Бұл экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды және жұмыстарды жоғары техникалық дайындықпен жүргізуді қажет етеді.
3D сейсмикалық барлау жер қойнауының геологиялық құрылымы туралы егжей-тегжейлі мәлімет алуға мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер көмірсутек әлеуетін бағалау және алғашқы іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылайтын орынды таңдау үшін пайдаланылады.
Айта кетейік, жоба әзірге мұнай өндіруді емес, геологиялық барлау жұмыстарын қамтиды. Оның нәтижесі учаскеде көмірсутек қорының бар-жоғын және бұрғылау жұмыстарын жалғастыру мүмкіндігін бағалауға негіз болады.