Ясмина Тоқсанбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Ясмина Тоқсанбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарында жеңісінен айырылған жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваны «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Спортшы бұған дейін Жапонияда өткен жарыста мәреге бірінші болып жеткенімен, аяқкиіміне қатысты дау салдарынан нәтижесі есепке алынбаған еді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысының 9 қарашада қол қойған жарлығына сәйкес, Ясмина Тоқсанбаева XX жазғы Азия ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік наградаға ие болды. Ол марапатталған спортшылардың қатарында болды.

Еске салайық, 27 қыркүйекте қазақстандық спортшы Жапонияда өткен Азия ойындарында 42,195 шақырымдық марафондық спорттық жүрісті 3 сағат 22 минут 20 секундта аяқтап, бірінші болып мәреге жеткен. Алайда жарыстан кейін оның аяқкиіміне қатысты наразылық түсіп, тексеру нәтижесінде спортшы пайдаланған модель World Athletics ұйымы бекіткен тізімде жоқ екені анықталған.

Осыдан кейін халықаралық талаптарға сәйкес, оның нәтижесі жарамсыз деп танылып, алтын медаль Қытай спортшысына берілді.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы спортшының аяқкиімі жарыс басталғанға дейін тексеріліп, стартқа шығуына рұқсат берілгенін мәлімдеген. Федерация шешімге қатысты наразылық пен шағым жолдағанын айтып, Ясминаға чемпионға тиесілі сыйақыны өз қаражаты есебінен төлеуге уәде берген.

Спортшы кейінгі сұхбатында осы кезеңнің өзі үшін психологиялық тұрғыдан ауыр болғанын жеткізді. Оның айтуынша, ендігі мақсаты – әлем чемпионатына қатысу нормативін орындап, келесі жылғы жарыста өнер көрсету.