Мәскеуден Алматыға бағыт алған SCAT әуе компаниясының DV 1008 рейсі 8 қарашада Астана әуежайына жоспардан тыс қонды. Бұған ұшақтың борттық жүйесіндегі ескерту белгісінің іске қосылуы себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Мәскеу – Алматы бағыты бойынша DV 1008 рейсін орындау кезінде борттық жүйенің индикациясы іске қосылды. Экипаж ұшақты базалық әуежайға, яғни Астана әуежайына қондыру туралы шешім қабылдады. Қону штаттық режимде өтті», – деп хабарлады SCAT.
Әуе компаниясының баспасөз қызметі жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін қосалқы ұшақ ұсынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ күту кезінде жолаушыларға салқын сусындар берілген.
Алайда рейстегі жолаушылардың бірі әлеуметтік желіде ұшақ қонғаннан кейін ұзақ уақыт бойы ешқандай ақпарат берілмегенін жазған. Оның айтуынша, жолаушылар не болып жатқанын білмей күтуге мәжбүр болған.
Осылайша, SCAT борттық жүйедегі ескертуге байланысты ұшақтың бағыты өзгергенін растады. Компания қону кезінде төтенше жағдай болмағанын және ұшақтың штаттық режимде қонғанын атап өтті.