Танымал блогер Біржан Әшімнің әкесі, композитор әрі музыкант Сапарғали Әшім өмірден өтті. Қаралы хабарды блогердің жұбайы Диана Әлиева әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Диана Әлиева Instagram желісінде марқұм қайын атасымен бірге түскен отбасылық суреттерін бөлісіп, оның қазасын ауыр қабылдағанын жеткізді.
Ол Сапарғали Әшімнің өмірінің соңғы күндеріне дейін көңілді жүріп, айналасындағыларға әзіл айтып жүргенін еске алды.
"Сапарғали атамыз енді арамызда жоқ... Жанымызға қатты батты. Жүрегім қарс айырылды. Қалай ғана бұлай болды? Сенгім келмейді, сенгім келмейді. Өмірінің соңғы күндерінде де әзілдеп жүрді. Қашанда көңілді, өмірге құштар жан еді. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, ардақты атамыз", – деп жазды ол.
Блогердің жұбайы марқұмның адамгершілігі мол, жақындарына қамқор азамат болғанын атап өтті. Диананың сөзінше, қайын атасы оны әрдайым қолдап, өз қызындай қабылдаған. Сондай-ақ өзгелердің орынсыз сөзінен қорғап, жанынан табылып отырған.
"Аташым ең жақсы адам еді. Адал, абыройлы жан болды. Бәрі оны жақсы көріп, құрметтейтін. Қашанда менің жағымда болып, өзгелердің жаман сөзінен қорғады. Қолдау көрсетіп, туған қызындай қабылдады. Қайда барарымды білмей отырмын, Құдайым-ай…" – деп қайғырды Диана Әлиева.
Айта кетейік, Сапарғали Әшім қайтыс болардан шамамен бір апта бұрын ауруханада жатқанын әлеуметтік желіде хабарлаған.
Ол ауруханада жұбайымен бірге түскен суретін жариялап, денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан, әзілдесіп жүргенін көрсеткен.
"Телефондағы суреттерді қарап отырып, бір нәрсені кездейсоқ байқадым. Ауруханада жатқан мен болғандықтан, жүзімнен тән азабы мен жан күйзелісі байқалып тұр. Ал әйелімнің көңіл күйін түсіну тіпті мүмкін емес", – деп жазған еді ол.
Сапарғали Әшім кім?
Сапарғали Әшім – қазақстандық композитор, музыкант және педагог. Ол ұзақ жылдар бойы еліміздің музыка және мәдениет саласында еңбек еткен. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған өнер иесі Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі болған.
Шығармашылық жолында бірқатар музыкалық туынды жазып, Целиноград облыстық филармониясында өнер көрсеткен. Сонымен қатар Сапарғали Әшім Қаражал қаласындағы Мәдениет сарайын басқарып, өңірдің мәдени өмірін дамытуға үлес қосқан. Ол ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге, соның ішінде Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруына атсалысқан мәдениет қайраткерлерінің бірі ретінде танылған.