Илон Маск Қазақстандағы бес адамның құтқарылуы туралы жазба жариялады

Илон Маск Қазақстандағы бес адамның құтқарылуы туралы жазба жариялады

Қазақстандағы құтқару оқиғасы әлемге танымал кәсіпкер Илон Масктың назарын аударды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Starlink спутниктік интернетінің көмегімен қар құрсауында қалған бес адамның аман қалғаны туралы жазбаны бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Маск жазбаға қысқаша ғана «Starlink saves lives» («Starlink адам өмірін құтқарады») деп пікір білдірген.

Оқиға 8 қарашада Илон Масктың X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды. Ол DogeDesigner аккаунты бөліскен ақпаратқа назар аударған. Жазбада Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында бес адамның қар құрсауында қалып, Starlink арқылы құтқарушылармен байланыс орнатқаны айтылған. 

Оқиға қалай болған?

Оқиға 22 қазанда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында болған. Қыстау Күршім ауылынан шамамен 15 шақырым жерде жол талғамайтын көлік бұзылып, ішіндегі бес адам өздігінен жолын жалғастыра алмаған.

Оқиға болған аумақта ұялы байланыс болмаған. Сондықтан олар Starlink спутниктік интернеті арқылы көмек сұрап, құтқарушылармен байланыс орнатқан. Осы технологияның көмегімен мамандар олардың нақты орналасқан жерін анықтай алған. 

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары көмекке «Трэкол» жоғары өтімді көлігімен шыққан. Құтқарушылар бес адамға жету үшін шамамен 100 шақырым жол жүріп өткен. Кейін бұзылған көлікті Қыстау Күршім ауылына дейін сүйемелдеп жеткізген.

Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Бес адамның ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.

Илон Маск не деді?

Қазақстандағы оқиға туралы жазба әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Оған пікір білдірген Илон Маск Starlink технологиясының маңызын атап өтті.

«Starlink адам өмірін құтқарады», – деп жазды кәсіпкер.