Қазақстан шекарасында миллиардтаған теңгенің заңсыз тауары анықталды

Қазақстан шекарасында миллиардтаған теңгенің заңсыз тауары анықталды
жи: dalanews

Қазақстанда қазан айында шекара аумағында 3 318 заң бұзушы ұсталды. Сонымен қатар шекара арқылы 2,1 млрд теңгенің тауарын заңсыз алып өту әрекеттерінің жолы кесілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қазан айындағы жұмысының қорытындысын жариялады.

Ведомство мәліметінше, бір айда шекара аумағында 3 318 құқық бұзушы ұсталған. Олардың 2 791-і – шетел азаматтары.

Сондай-ақ шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізуге қатысты 1 267 дерек анықталған. Заңсыз тасымалданбақ болған тауарлардың жалпы құны 2,1 млрд теңгеге жеткен.

Каспий теңізінде браконьерлікпен күрес шаралары да жүргізілген. Нәтижесінде заңсыз балық аулаудың 119 дерегі тоқтатылды.

– Браконьерлер пайдаланған 88 шақырым аулау құралы және жалпы салмағы 933 келі болатын 187 бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Осылайша 413 млн теңгеден астам шығынның алдын алдық, – деп мәлімдеді ҰҚК баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта 47 қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, 3 021 әкімшілік іс қаралуда. Олар бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 35 млн теңгеден асты.