Құрылыс компаниялары 6,5 трлн теңгелік мемлекеттік тапсырысқа дайындалып жатыр

Құрылыс компаниялары 6,5 трлн теңгелік мемлекеттік тапсырысқа дайындалып жатыр
pixabay.com

Қазақстандағы ірі құрылыс компаниялары келесі жылы басталуы жоспарланған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына дайындықты бастап кеткен. Нарықтағы бірқатар мердігер құрылыс техникасы мен өндірістік қуатын түгендеп, қосымша жұмыс күшін тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кейбір құрылыс компанияларында ішкі жиналыстар өткізіліп, қолда бар техника мен құрал-жабдықтарға ревизия жүргізілуде. Мердігерлер алдағы мемлекеттік тапсырыстарды орындау үшін қанша жұмысшы мен техника қажет болатынын алдын ала есептеп жатыр.

Басылым дереккөзінің айтуынша, құрылыс саласындағы компаниялардың көңіл күйі көтеріңкі. Алдағы уақытта штат санын көбейту жоспарланып, қосымша жұмысшыларға да дайын болу туралы хабар берілген.

Мұндай белсенділіктің себебі – президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасы. Жоспар бойынша, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Оның 1,5 трлн теңгесі 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға қарастырылуы мүмкін.

Жоба аясында республика бойынша 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық жәрдем станциялары мен оңалту орталықтары бар.

Бұдан бөлек, білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысан бой көтеруі мүмкін. Сондай-ақ автомобиль жолдары, көлік инфрақұрылымы, инженерлік желілер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауызсу және газбен қамту жобаларына басымдық берілмек.

Ұлттық статистика бюросының нақтыланған дерегіне сәйкес, 2025 жылдың толық қорытындысы мен 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда жалпы құны 18,66 трлн теңгеге жуық құрылыс жұмысы орындалған. Бұл екі жылдық емес, 21 айдың жиынтық көрсеткіші.

Ал 2026 жылдың тоғыз айындағы құрылыс жұмыстарының 89%-ын жеке құрылыс ұйымдары атқарған. Шетелдік компаниялардың үлесі 10,3%-ды құраса, мемлекеттік ұйымдардың үлесі 0,7% болған.

Осылайша, мемлекет ірі инфрақұрылымдық жобаларға қаржы бөлгенімен, құрылыс жұмыстарының басым бөлігін жеке сектор жүзеге асырады. Сарапшылар мен нарық қатысушылары үшін алдағы мемлекеттік тапсырыстар ірі мердігерлер, орта және өңірлік құрылыс компаниялары, сондай-ақ құрылыс материалдарын өндірушілер арасындағы бәсекені күшейтуі мүмкін.