Үкімет Ұлттық пантеонға жерлеуге құқығы бар лауазымды тұлғалардың тізімін қайта қарады. Тиісті қаулыға 4 қарашада премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжаттың жаңа редакциясына сәйкес Ұлттық пантеонға қайтыс болған немесе қаза тапқан вице-президенттерді, премьер-министрлер мен олардың орынбасарларын, Құрылтай төрағалары мен олардың орынбасарларын, Халық кеңесінің төрағалары мен олардың орынбасарларын, парламент палаталарының басшылары мен олардың орынбасарларын жерлеуге болады.
Тізімге мемлекеттік хатшылар мен мемлекеттік кеңесшілер, Президент әкімшілігінің басшылары, Конституциялық кеңестің, Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және Ұлттық банктің төрағалары, сондай-ақ, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарлары енгізілген.
Пантеонға министрлерді, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларын, Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін де жерлеуге болады.
Құжатта Президент осындай шешім қабылдаған жағдайда, Қазақстанның басқа да азаматтарын пантеонға жерлеуге болатыны көрсетілген. Бұл ретте жерлеу рәсімін ұйымдастыруды марқұмның жұбайы, жақын туыстары немесе заңды өкілі бастауы керек. Жерлеу рәсімін ұйымдастыруға Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жауап береді.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.