Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер хакерлік шабуылдар мен ақпараттық жүйелердегі өзге де киберинциденттер туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) 24 сағаттан кешіктірмей хабарлауы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа талаптарға сәйкес, банктер мынадай жағдайлар туралы реттеушіге ақпарат беруге міндетті:
- ақпараттық жүйелерге хакерлік шабуыл жасалса;
- DDoS-шабуылдар тіркелсе;
- деректерге заңсыз қол жеткізу фактілері анықталса;
- серверлерге вирустар жұқса;
- клиенттерді сәйкестендіру жүйелерінде ақау пайда болса.
Мәліметтер арнайы ақпараттық жүйе арқылы жіберіледі. Егер жүйе жұмыс істемесе, банк алдымен телефон арқылы хабарлап, кейін оқиғаның толық мән-жайы көрсетілген жазбаша хабарлама жолдауы керек. Талап Қазақстанда жұмыс істейтін отандық және шетелдік банктерге, сондай-ақ жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.