Токаев спорттағы жетістіктерді елдегі өзгерістердің нәтижесі деп атады

Токаев спорттағы жетістіктерді елдегі өзгерістердің нәтижесі деп атады
Aqorda

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы спортшыларды құттықтап, елде спорт инфрақұрылымын дамытуға соңғы бес жылда 616 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президент спортшылардың халықаралық жарыстардағы жетістіктері Қазақстанның абыройын асқақтатып, жас ұрпаққа үлгі болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық құраманың жеңістері елдегі патриотизмнің, табандылық пен жеңіске деген жігердің көрінісі.

Тоқаев спорттағы нәтижелер елде жүріп жатқан өзгерістермен қатар дамып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жыл қорытындысында 398 млрд долларға жуықтап, өңірдегі ең жоғары көрсеткішке жетуі мүмкін екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы келесі жылы еліміздің барлық өңірінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Жоба аясында мектептер, ауруханалар, емханалар, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары, мәдениет мекемелері және спорт кешендері бой көтермек.

Президент жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтардың салынуы балаларға тұрғылықты жеріне қарамастан спортпен айналысуға мүмкіндік беруге тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, болашақ чемпиондарға тең жағдай жасау – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі.

Тоқаев соңғы бес жылда Қазақстанда спортты дамытуға 616 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін еске салды. Сондай-ақ өткен жылы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, басым спорт түрлерінің тізімі бекітілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Азия пара ойындарында 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың жетістігін ерекше атап өтті. Оның спорттағы табандылығымен қатар, Құрылтай депутаты ретінде қоғамдық қызмет атқарып жүргеніне де тоқталды.

Сондай-ақ Тоқаев таеквондодан Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алған Тамирлан Тілеулесті, боксшылар Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайды, каратэші Софья Берульцеваны, велоспортшы Алексей Луценконы және пауэрлифтер Давид Дегтяревті атап өтті.

Президенттің айтуынша, халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар елдің беделін арттырып қана қоймай, туризм мен спорт инфрақұрылымының дамуына да ықпал етеді.

Оның мәліметінше, 2027 жылы Қазақстанда бокс, дзюдо, таеквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттары, сондай-ақ шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Бұдан бөлек, көктемде Астанада УЕФА-ның 51-конгресі ұйымдастырылады.

Биыл елордада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) конгресі де өтеді. Тоқаев Қазақстан таза спорт қағидаттарын ілгерілетіп, халықаралық стандарттарды енгізу жұмыстарын жалғастыратынын айтты.

Мемлекет басшысы спорттың жастарды тәртіпке, адалдыққа, жауапкершілікке және мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейтінін атап өтті. Оның сөзінше, чемпиондардың жетістігі жас буынға үлгі болуы керек.

Сөз соңында президент 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындықты қазірден бастап жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Бұл жұмысқа спортшылармен қатар, салалық министрлік пен спорт федерациялары да белсенді қатысуы қажет екенін айтты.