АҚШ әскери күштері Иранның оңтүстігіндегі Кешм аралы маңында орналасқан зениттік қондырғыны жойды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақ үй басшысының айтуынша, америкалық әскерилер нысанға қысқа уақыт ішінде соққы беріп, оны істен шығарған.
«Біз шағын соққылар жасаймыз, бірақ олардың өзі нысандарды істен шығарады. Олар шағын зениттік қондырғы орнатқан еді. Біз оны шамамен 15 минутта, тіпті бес минуттың ішінде жойдық», – деді Трамп журналистерге.
Бұған дейін, сенбіге қараған түні Иранның Ормуз бұғазындағы Кешм аралында бірнеше жарылыс болғаны хабарланған. Кейін Press TV телеарнасы Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының әуе қорғанысы күштері осы аумақта америкалық MQ-9 Reaper ұшқышсыз аппаратын ұстап, жойғанын мәлімдеді.
Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс әлемдегі стратегиялық маңызы жоғары теңіз жолдарының бірі – Ормуз бұғазы төңірегінде күшейіп келеді.
Қыркүйек айының соңында Тегеран Вашингтонға бұғазды жеті күн ішінде ашу жоспарын ұсынған. Оның орнына Иран теңіз блокадасы мен экспортқа қойылған шектеулердің алынуын талап еткен. Алайда Дональд Трамп бұл ұсынысты қабылдамады.
Бұған дейін Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге қатаң талап енгізіп, олардың Тегеранмен алдын ала келісіп, рұқсат алуын міндеттеген.
Иран билігі бұғаз толықтай өз бақылауында екенін мәлімдеп отыр. Ал Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери-теңіз күштері аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатқанын айтады.