Мәжілістің бұрынғы депутаты, кәсіпкер Болатбек Әлиев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің штаттан тыс кеңесшісі болғанын мәлімдеді. Ол бұл қызметті қоғамдық негізде атқарып, жалақы алмайтынын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Болатбек Әлиевтің сөзінше, ол жаңа міндетіне қыркүйек айының соңында кіріскен. Бұрынғы депутат Серік Жұманғаринмен бірнеше жылдан бері таныс екенін және екеуінің бұған дейін де экономикалық мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істегенін жеткізді.
Оның айтуынша, министр кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және халықаралық сауда салаларындағы тәжірибесін ескеріп, кеңесші болуды ұсынған.
Атап айтқанда, 2024 жылы Болатбек Әлиев үкіметтік делегация құрамында Мәскеуге барып, Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық комиссияның отырысына қатысқан. Сол кезде ол отандық кәсіпкерлердің жүк тасымалы мен сауда саласында кездесетін мәселелерін көтерген.
"Серік Мақашұлы маған кеңесші болуды ұсынғанда, тәжірибемді Үкімет жұмысына пайдалануға болатынын айтты. Келісім бердім. Бұл жұмысты қоғамдық негізде атқарамын, жалақы алмаймын", – деп жазды ол.
Экс-депутаттың айтуынша, жаңа қызметінде еңбекақы алмау ол үшін қиындық туғызбайды. Себебі кәсіпкерлікпен айналысқан жылдары бірнеше мың адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорындар құрып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізген.
Әлиев бұл жағдай өз ұстанымын еркін білдіруге және мемлекеттік органдардың шешімдеріне қатысты ашық пікір айтуға мүмкіндік береді деп есептейді. Қазір ол мемлекеттік мекемелерден түсетін ұсыныстар мен бастамаларды зерделеп, олардың қоғам мен бизнеске ықпалын талдаумен айналысып жүр.
"Олардың халық пен кәсіпкерлерге қалай әсер ететіні туралы пікірімді білдіріп, өз талдауымды ұсынамын. Өзім жақсы білетін салалардағы жетекші мамандармен ақылдасып, қажет болған жағдайда балама шешімдер ұсынамын", – деп түсіндірді ол.
Болатбек Әлиев алдағы уақытта кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және экономикалық шешімдердің тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Оның пікірінше, бұл ретте көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, Қазақстан жағдайына сәйкес келетін тетіктерді қолдану маңызды.
Бұрынғы депутат кеңесшілік қызметінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және логистика салаларында жинақтаған тәжірибесін пайдалануға ниетті.