Маңғыстау облысында «Ақтау – Қаламқас» тасжолында автобус қағып кеткен «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының вахталық жұмысшысы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 6 қарашада болған. Daewoo автобусының жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус арнайы тұраққа қойылған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
БАҚ мәліметінше, қаза тапқан ер адам «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясында вахталық әдіспен жұмыс істеген. Апат тасжолдың 170–171-шақырымында, аялдама маңында болған. Ер адам жолды кесіп өтпек болған.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қаза тапқан жұмысшының туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.