Кәсіпкер Болат Өтемұратовтың негізгі инвесторы саналатын «Верный Капитал» компаниялар тобы OLX Қазақстанның 100 пайызын сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтады. Сатып алу Beeline Қазақстан арқылы жүзеге асырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәміле OLX Group компаниясынан барлық реттеуші рәсімдер аяқталғаннан кейін жасалды. Оның жалпы құны 81 млн долларды құрады. Бұл сомаға мәмілені аяқтау кезіндегі шамамен 6 млн доллар көлеміндегі түзетулер де кіреді.
«Верный Капитал» өкілдерінің айтуынша, бұл сатып алу инвестициялық портфельді кеңейтуге және цифрлық сервистер нарығындағы топтың позициясын нығайтуға бағытталған.
«Бұл біз үшін портфельді кеңейту ғана емес, күнделікті қолданылатын цифрлық сервистер инфрақұрылымына салынған инвестиция. Хабарландыру платформалары пайдаланушыларды, шағын бизнесті және жергілікті нарықтарды байланыстырып, экономикада маңызды рөл атқарады. Біздің міндетіміз – платформаның қалыптасқан артықшылықтарын сақтай отырып, оның ауқымын кеңейту және технологиялық әлеуетін күшейту», – деді «Верный Капитал» тобының инвесторы Болат Өтемұратов.
Мәміле нәтижесінде Beeline Қазақстан цифрлық қызметтер экожүйесін кеңейтіп, пайдаланушыларға өзара байланысты сервистердің ауқымды түрін ұсына алады.
VEON компаниясының бас атқарушы директоры Каан Терзиоглу OLX Қазақстанды сатып алу цифрлық оператор стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Компания мәліметінше, OLX Қазақстан ай сайын шамамен 9 млн белсенді пайдаланушыны қамтиды. Бұл – елдегі белсенді интернет аудиториясының 52 пайыздан астамы. Платформада тауарлар мен қызметтер, жұмыс орындары, автомобильдер және жылжымайтын мүлік бойынша хабарландырулар жарияланады.
Айта кетейік, Beeline Қазақстанның OLX-ті сатып алу туралы келісімі алғаш рет 2025 жылғы қазанда жарияланған. Ол кезде мәміленің бастапқы құны 75 млн доллар деп көрсетілген.