Қазақстанда 2020–2024 жылдары қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен және шетелге тұрақты тұруға көшіп кеткен 60 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 21 млрд теңге зейнетақы төленген. Мұндай заңбұзушылықтар мен қаржылық тәуекелдерді Жоғары аудиторлық палата анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аудит Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылғы шығыстарын қамтыған. Аудиторлардың мәліметінше, заңсыз төлемдердің негізгі себептерінің бірі – министрлік деректер базасының басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен автоматты түрде интеграцияланбауы. Олардың қатарында Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратура бар.
Аудит барысында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға төленетін зейнетақы мәселесі де қаралған. ВАП дерегінше, Қазақстанда 17 мыңнан астам шетелдік пен азаматтығы жоқ адам зейнетақы алған. Оларға жыл сайын 9 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған.
Олардың арасында алыс шетелдің 47 елінен келген 2818 азамат бар. Атап айтқанда, Қазақстаннан зейнетақы алғандардың қатарында Қытайдың 1650 азаматы, Ауғанстанның 17, Үндістанның бес, Нигерияның екі және Вьетнамның бір азаматы болған.
Аудиторлар мұны шетелдік азаматтардың өз елінде зейнетақы алатынын және еңбек өтілінің расталуын тексеруге мүмкіндік беретін халықаралық келісімдердің жоқтығымен байланыстырады. Соның салдарынан республикалық бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу қаупі туындаған.
Жоғары аудиторлық палата заңсыз алынған төлемдер қайтарылуға тиіс екенін атап өтті.
Бұған дейін Еңбек министрлігі зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау тәртібін қатаңдатуды ұсынған. Ұсыныс бойынша, төлемдер тек Қазақстанда тұрақты тұратын және тұрғылықты жері бойынша тіркелген азаматтарға берілуі керек.
Мұндай шаралар кейбір зейнеткерлердің бір мезгілде бірнеше мемлекеттен төлем алуы мүмкін екені анықталған жағдайлармен түсіндірілген.