Павлодар облысындағы түзеу мекемелерінің бірінде 20 жастағы сотталушы қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Белгілі болғандай, марқұм 2026 жылдың сәуір айында 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның қылмыстық ісі 2025 жылы болған оқиғаға байланысты қозғалған. Таратылған ақпаратқа сәйкес, сол кезде 19 жастағы жігіт Instagram әлеуметтік желісі арқылы 15 жастағы мектеп оқушысымен танысқан. Кейін олардың арасында жыныстық қатынас болған.
Бұл жағдайдан хабардар болған қыздың анасы құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Кәмелетке толмаған адамның келісімі мұндай әрекетті заңды етпейді.
Істі қараған сот 2026 жылдың сәуір айында айыпталушыны кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда арада бірнеше ай өткен соң 20 жастағы сотталушының жазасын өтеп жатқан мекемеде көз жұмғаны туралы ақпарат тарады.
Павлодар облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оқиғаға қатысты алдын ала мәлімет берді. Ведомствоның хабарлауынша, жас жігіттің өліміне өзіне қол жұмсау себеп болуы мүмкін.
Дегенмен бұл болжам әзірге түпкілікті расталған жоқ.
Қазіргі уақытта сотталушының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, өлімнің нақты себебін тексеріп жатыр.