Қазақстанның газ саласына жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 24,1 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығы анықталды. Сонымен қатар бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану кезінде 18,2 млрд теңгеге тиімсіздікке жол берілген. Бұл туралы жоғары аудиторлық палата мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аудит барысында бюджетке 59,4 млн теңге қайтарылған. Тағы 20,2 млрд теңге есепке алу және тиісті жұмыстарды орындау арқылы қалпына келтірілген.
Тексеру ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету, ресурс базасын дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өңірлерді газдандыру және газ тасымалдау инфрақұрылымының жағдайын қамтыды.
Аудиторлардың мәліметінше, Қазақстанда газ қоры 3,8 трлн текше метрге жеткен. Ал 2022–2025 жылдары жалпы 239,5 млрд текше метр газ өндірілген. Соған қарамастан, ішкі нарыққа арналған тауарлық газ өндірісі халық пен экономиканың сұранысына ілесе алмай отыр.
Бұған қоса, Қазақстанның ішкі нарығы шектеулі топтағы жер қойнауын пайдаланушыларға тәуелді. Жеткізілетін газдың сапасы да кей жағдайда белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді. Сапасыз газ компрессорлық жабдықтардың тозуын жеделдетіп, ұлттық операторды экспорт кезінде жеңілдік жасауға мәжбүрлейді.
Жоғары аудиторлық палата саланың стратегиялық жоспарлауында да олқылықтар бар екенін анықтаған. Атап айтқанда, ішкі тұтынудың өсуі, ресурс базасын дамыту және жаңа газ өңдеу қуаттарын іске қосу арасында қажетті үйлесім жоқ. Сонымен қатар геологиялық барлауды ынталандыру, жерасты газ қоймаларын дамыту, цифрландыру және тәуекелдерді басқару шаралары жеткіліксіз.
Газ тасымалдау инфрақұрылымының жағдайы да алаңдатады. Ұлттық оператор кәсіпорындары 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбырын және шамамен 77 мың шақырым газ тарату желісін пайдаланады. Олардың едәуір бөлігі нормативтік қызмет ету мерзімінен асып кеткен. Ал жаңғырту және жөндеу жұмыстарының қарқыны жеткіліксіз болып отыр.
Аудиторлар өңірлер арасындағы газдандыру теңгерімсіздігін жою және жаңадан салынған нысандарды пайдаланушы ұйымдарға уақытылы тапсыруды бақылауды күшейту қажеттігін де атап өтті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан халқының газдандыру деңгейі 64,2%-ды құраған. Табиғи газбен 13,1 млн адам қамтамасыз етілген. Газ тартылған елді мекендер саны 2 240-қа жеткен.
Аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде тиісті ұйымдарға тапсырмалар берген. Олардың орындалуы толық аяқталғанға дейін бақылауда болады. Сондай-ақ газ саласын басқаруды жетілдіру, ресурс базасын нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ұсынымдар әзірленген.