Белгілі әнші Сәкен Қалымов бұрынғы отбасымен қарым-қатынасы туралы сөз қозғап, өткен өміріндегі қателіктеріне өкінетінін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесі бұрынғы жұбайы мен баласынан кешірім сұрау үшін арнайы Астана қаласына барғанын айтқан. Алайда жақындарымен қайта тіл табысу әрекеті сәтсіз аяқталған. Әншінің сөзінше, кезінде отбасына жеткілікті көңіл бөлмей, жастық шақтың қызығына берілген. Қазір ол сол кезеңдегі әрекеттеріне өкініш білдіріп, болған жағдайға өзін кінәлі санайтынын жасырмайды.
"Алдарынан өтейін деп Астанаға іздеп бардым. Жарымды да, баламды да кінәламаймын. Қателік – өзімнен. Ол кезде жеңілтек өмір сүрдік, орта да басқаша болды. Серілік құрып жүрген жас кезең еді, көп дүниеге салғырт қарадым. Әрине, мені құшақ жая қарсы алады деп барған жоқпын. Бірақ тіл табыса алмадым. Олар мені қабылдамады. Бұйырған күні бәрі өз орнына келеді деп үміттенемін", – деді ол ағынан жарылып.