Ресейлік әнші Валерий Меладзенің Алматыдағы концертіндегі жанжал шығарған үш әйел жауапқа тартылды

Ресейлік әнші Валерий Меладзенің Алматыдағы концертіндегі жанжал шығарған үш әйел жауапқа тартылды
Фото meladze.com

Алматыда Валерий Меладзенің концерті кезінде жанжал шығарған үш әйел анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полицияның мәліметінше, концерт барысында бірнеше әйелдің арасында жанжал туындаған. Қауіпсіздік қызметкерлері оларды концерт алаңынан шығарып жіберген. Оқиғаға қарамастан, концерт тоқтатылмай, жалғасын тапқан.

Тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысқан үш әйел анықталды. Олардың екеуі Алматы облысының тұрғындары. Біріне сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамақ тағайындалса, екіншісіне қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін айыппұл салынды.

Ал Тараз қаласының тұрғынына ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жолданған.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында концерттің тоқтатылғаны туралы жалған ақпарат жарияланғаны анықталды. Instagram парақшасының иесі де анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Полиция өкілдері қоғамдық тәртіпті бұзу және көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.