Алматыда антибиотик екпесінен кейін 14 жастағы бала көз жұмды

Алматыда антибиотик екпесінен кейін 14 жастағы бала көз жұмды
ЖИ: Dalanews.kz

Алматыда антибиотик екпесінен кейін жағдайы күрт нашарлаған 14 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Бала жеті күн бойы дәрігерлер бақылауында болғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Марқұм Максим сегізінші сыныпта оқыған. Спортпен айналысып, сурет салудан қалалық байқауларда жеңіске жеткен. Ол болашақта дәрігер болуды армандап, анатомия мен биологияны тереңдетіп оқыған.

Ата-анасының айтуынша, тамыз айының басында баланың лимфа түйіндері ұлғайған. Осыған байланысты олар бірнеше медициналық мекемеге жүгінген. Жасөспірім антибиотиктермен және басқа да дәрілермен екі рет ем қабылдағанымен, жағдайы жақсармаған.

21 қазанда ата-анасы оны Алматыдағы №37 қалалық емханаға апарған. Дәрігер-инфекционист антибиотик тағайындап, екпе алдында сынама жасау қажеттігін ескерткен. Алайда препаратты бұлшықетке енгізгеннен кейін баланың жағдайы күрт нашарлаған.

Анасының сөзінше, жасөспірімнің жүрегі айнып, бүкіл денесі сырқырағанын айтқан. Кейін құрысып, есінен танып қалған. Медицина қызметкерлері оған шұғыл көмек көрсеткенімен, жағдайы жақсармаған.

Кейін бала Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіліп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер жеті күн бойы оның өмірі үшін күрескен, алайда жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмады.

Марқұмның ата-анасы баланың ауыр аллергиялық реакцияға ұшырауы мүмкін екенін айтады. Олар антибиотиктің нақты қандай мөлшерде егілгенін, медициналық процедураның талапқа сай жүргізілгенін және жағдайы нашарлаған сәтте шұғыл көмектің қаншалықты уақытылы көрсетілгенін тексеруді талап етіп отыр.

Сондай-ақ отбасы медициналық құжаттарда сәйкессіздіктер бар екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, ата-анасының айтуынша, құжатта көрсетілген дәрі мөлшері медицина қызметкерлері екпе алдында талқылаған дозадан өзгеше. Бұған қоса, дәрі-дәрмек енгізу журналының кейбір бағандары толтырылмаған.

Марқұмның әкесі бұл жағдай медициналық мекемелер үшін сабақ болып, емханаларда қауіпсіздік шараларын күшейтуге ықпал етуі керек екенін айтты.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы отбасыға көңіл айтып, тексеру нәтижесі бойынша қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.