Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Қайғылы оқиғаның мән-жайы әзірге белгісіз, деп хабарлайды dalanews.kz.
Дереккөздің мәліметінше, оқиға 6 қараша күні кешкі уақытта болған. Шымкенттен Алматыға журналист мамандығын меңгеру үшін келген қыздың қайтыс болғаны туралы хабардан кейін студенттік қалашыққа полиция қызметкерлері мен университет өкілдері барған.
Дереккөздің айтуынша, сол түні жатақханада тұратын студенттерге бөлмелерінен шығуға және балконға баруға рұқсат берілмеген. Қазір студенттің өлімінің себебі анықталған жоқ. Студенттер арасында өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін деген болжам тарағанымен, бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.
Сондай-ақ дереккөз студенттерден болған оқиға туралы хабарламаларды ортақ чаттардан өшіру сұралғанын айтады. Оларға хат алмасулар тексерілуі мүмкін екені ескертілген.
Алматы қалалық полиция департаменті әзірге оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.