Қазақстанда шағын бизнестен орта бизнеске өтетін кәсіпорындарға арнайы қолдау пакеті ұсынылды

Қазақстанда шағын бизнестен орта бизнеске өтетін кәсіпорындарға арнайы қолдау пакеті ұсынылды
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда шағын бизнес санатынан орта бизнес деңгейіне өтетін кәсіпорындарға арналған арнайы қолдау пакетін енгізу ұсынылды. Бұл бастама кәсіпкерлердің қызмет аясын кеңейткен кезде мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерінен айырылып қалмауына мүмкіндік береді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиында шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту мәселелері талқыланды, деп жазады Қазақпарат агенттігі.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазиннің айтуынша, кәсіпкерлікті дамытудың келесі маңызды кезеңі – шағын бизнестен орта бизнеске өту.

Оның пікірінше, тұрақты әрі шикізаттық емес экономиканың негізгі тірегіне айналуы тиіс кәсіпорындар – орта бизнес өкілдері. Себебі олар өндірістік жабдықтарға инвестиция салып, білікті мамандарға арналған жұмыс орындарын аша алады. Сондай-ақ шағын жеткізушілер мен ірі өндіріс орындарының арасындағы байланысты нығайтады.

Аслан Қалиғазиннің сөзінше, мұны инвестициялық көрсеткіштер де дәлелдейді. Соңғы бес жылда орта кәсіпорындардың негізгі капиталға салған инвестициясы атаулы мәнде 2,6 есе өскен. Атап айтқанда, 2021 жылы 1,13 трлн теңге болса, 2025 жылы 2,95 трлн теңгеге жеткен.

Осы кезеңде елдегі жалпы инвестиция көлеміндегі орта бизнестің үлесі 8,5 пайыздан 12,6 пайызға дейін артқан.

«Орта кәсіпорындар саны аз болғанына қарамастан, өндірісті дамытуға барған сайын көбірек қаражат салып жатыр», – деді ол.

Сонымен қатар шағын және орта бизнес арасындағы өтпелі кезеңде бірқатар кедергі бар. Олардың қатарында салық талаптары, инвестициялық қаржыландырудың жеткіліксіздігі және мемлекеттік қолдаудың кейбір түрлерінен айырылу қаупі бар.

Мәселен, кәсіпорынның түсімі өскен жағдайда ол орта бизнес санатына ауысуы мүмкін. Алайда табыстың артуы өндіріс көлемінің ұлғайғанын білдірмейді. Бұған шикізаттың немесе дайын өнімнің қымбаттауы да әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан кәсіпкер микро және шағын бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шараларынан айырылып қалу қаупіне тап болады.

Осы мәселені шешу үшін «шағын бизнестен орта бизнеске өту» кезеңіне арналған арнайы қолдау пакетін қалыптастыру ұсынылды.

«Біз шағын бизнестен орта бизнеске өтетін кәсіпорындарға арналған бейімдеу тетігін енгізуді ұсынамыз. Оның аясында салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, бұрын мақұлданған мемлекеттік көмекті келісілген мерзімге дейін сақтау, инвестициялық кредиттер беру және өндірісті жаңғыртуға қолдау көрсету қарастырылуы керек», – деді Аслан Қалиғазин.

Бұдан бөлек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын жеткізушілер мен ірі тапсырыс берушілер арасындағы адал іскерлік мәмілелерге кедергі келтіретін салықтық шектеулерді алып тастау қажет деп санайды. Осыған байланысты жеңілдетілген жалпыға бірдей салық режимін енгізу ұсынылды. Бұл жүйе бойынша салық күрделі есеп жүргізбей-ақ жалпы түсім мен жалпы шығын арасындағы айырмашылық негізінде есептелуі мүмкін.

Сондай-ақ жалпыға бірдей салық режиміндегі кәсіпорындардың оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын компаниялармен жасайтын мәмілелері бойынша шығындарды шегеруге тыйым салуды алып тастау ұсынылды.

Ал оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпорындардың B2B (бизнес пен бизнес арасындағы) операциялары үшін 8 пайыздық мөлшерлеме енгізіп, шекті деңгейді 300 мың айлық есептік көрсеткішке дейін төмендету ұсынылып отыр.

«Мемлекет кәсіпорындардың өсуіне жағдай жасауы керек. Оларды шағын бизнес деңгейінде қалуға мәжбүрлейтін себептер туғызбауы тиіс», – деді Аслан Қалиғазин.