Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорда мәліметінше, мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық 14 құжатпен алмасты.
Құжаттар энергетика, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру және басқа да салалардағы ынтымақтастықты қамтиды.
Қандай құжаттарға қол қойылды?
1. Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлеріне кадр даярлау саласындағы келісім.
2. Электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.
3. Тау-кен және тау-кен металлургиясы салаларындағы жобаларды дамыту мақсатында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы келісім.
4. 2030 жылға дейін Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымын арттыру жөніндегі жол картасы.
5. Қазақстан мен Тәжікстан Бас прокуратуралары арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы меморандум.
6. Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ақпараттық ынтымақтастық туралы келісім.
7. Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.
8. Мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім.
9. 2027–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасы.
10. 2027 жылға арналған өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі өзара іс-қимыл жоспары.
11. Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Тәжікстанның Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
12. Жасанды интеллект саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.
13. Электрондық коммерция жүйесін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
14. Қазақстан президентінің телерадиокешені мен Тәжікстан үкіметі жанындағы Теледидар және радио комитеті арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.
Осылайша, екі ел сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобаларды дамытуға, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен мемлекеттік басқару бағыттарындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті.