Алматы тауларында құтқару операциялары көбейді

Алматы тауларында құтқару операциялары көбейді
жи: dalanews

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті таудағы оқиғалардың жиілеп кеткенін ескертіп, тұрғындар мен туристерді қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

2026 жылдың басынан бері құтқарушылар таулы аймақтарда 434 іздестіру-құтқару операциясын жүргізген. Бұл өткен жылғы жылдық көрсеткіштен де жоғары. 2025 жылы мұндай операциялардың саны 410 болған.

Құтқарушылардың көмегіне 702 адам жүгінген. Олардың 123-і түрлі жарақат алған.

Мамандардың айтуынша, таудағы оқиғалардың негізгі себептері – жорыққа жеткілікті дайындалмау, ауа райына сай келмейтін киім мен аяқ киім таңдау, өзімен бірге су мен азық-түлік алмау, сондай-ақ бағытты алдын ала зерттемеу.

Ауа райының қолайсыздануына байланысты ТЖД туристерге тауға шығар алдында маршрутты мұқият жоспарлауды, қажетті құрал-жабдықтарды тексеруді және қайда баратыны туралы жақындарына хабарлауды ескертеді.

Құтқарушылар таудағы қауіпсіздік ережелерін сақтап, өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалауға шақырады.