Кей өңірлерде жазғы дөңгелекпен жүрген көліктер жолға жіберілмей жатыр

Кей өңірлерде жазғы дөңгелекпен жүрген көліктер жолға жіберілмей жатыр
видео кадры

Ақмола облысында полицейлер жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 744-тен аса жүргізушіні кері қайтарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола облысында полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар жолдарда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

8-9 қараша күндері өңірдегі бірқатар тасжолда жазғы дөңгелекпен жабдықталған көліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Шектеулер Астана - Щучинск, Астана - Шідерті - Павлодар және Көкшетау - Атбасар бағыттарында қолданылды.

Сонымен қатар, ауа райына байланысты республикалық тасжолдардың кейбір учаскелерінде жылдамдық режимі төмендетілді. Бұл шаралар жол апатының алдын алуға және қозғалысқа қатысушылардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.

Полиция қызметкерлері бұған дейін жүргізушілерге қысқы дөңгелекке уақтылы ауысу қажет екенін бірнеше рет ескерткен. Алайда кейбір жүргізушілер ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қыс мезгіліне дайын емес көліктермен жолға шығуын жалғастырған.