Алматы метросында ONAY жүйесі істен шығып, жолаушылар кезекте тұруға мәжбүр болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
9 қарашада таңертең тұрғындар ONAY қосымшасы арқылы жолақы төлей алмағанына шағымданды. Салдарынан бекеттерде ұзын-сонар кезек пайда болып, кейбір тұрғындар жұмыс пен оқуға кешіккен.
Жолаушылардың айтуынша, қосымша дұрыс жұмыс істемей, турникеттен өтуге қажет QR кодты алу мүмкін болмаған. Соның салдарынан метроға кіреберісте адамдар жиналып қалған.
Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі ONAY жүйесінде ақау болғанын растады. Ведомство мәліметінше, 9 қарашада сағат 06:30-дан бастап метроның барлық бекетінде жолаушылар қосымшадағы QR код арқылы жолақы төлей алмаған.
"Сағат 09:30-да "Оңай" жүйесіндегі техникалық ақау толық жойылды. QR код арқылы жолақы төлеу мүмкіндігі қайта қалпына келтірілді. Жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз", – деп хабарлады метрополитен өкілдері.
Сонымен қатар, метро әкімшілігі жолақы төлеудің басқа тәсілдері әдеттегідей жұмыс істегенін хабарлады. Жолаушылар турникеттен көлік және банк карталары, Apple Pay, Samsung Pay арқылы, сондай-ақ, қағаз QR билеттермен өте алған.