Қазақстанда онлайн-казиноларға 191 млрд теңге көлемінде заңсыз төлем жүргізу схемасы әшкереленді

Қазақстанда онлайн-казиноларға 191 млрд теңге көлемінде заңсыз төлем жүргізу схемасы әшкереленді
pixabay.com

Қазақстанда интернет-казинолардың заңсыз қызметіне көмектескен қаржылық схема анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) осы іске қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, үш бақылаудағы компанияның төлем инфрақұрылымы арқылы шетелдік онлайн-казинолардың мүддесіне қаржы операциялары жүргізілген. Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN платформалары бар.

Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге жеткен. Ал схемаға қатысушылардың комиссиялық сыйақысы 286 млн теңге деп бағаланған.

Қаржы операцияларының нақты мақсатын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Кейбір жағдайда олардың бұл әрекеттен хабарсыз болғаны анықталған. Сонымен қатар жалған келісімшарттар жасалып, тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу процесіне ұқсайтын сайттар құрылған.

Іс бойынша ұйымдастырушы қамауға алынды. Сондай-ақ төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.