Қазақстан азаматы қырғыз президентінен көмек сұрады

Қазақстан азаматы қырғыз президентінен көмек сұрады
kaktus.media

Қазақстан азаматы Алиджи Афаров Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа Шу облысында карьер сатып алу кезінде алаяқтыққа тап болғанын айтып, шағымданды. Оның сөзінше, 200 мың доллардан аса қаржысынан айырылған. Күдіктілердің бірі өзін Қырғызстан басшысының туысымын деп таныстырған, деп хабарлайды dalanews.kz kaktus.media-ға сілтеп.

Президентпен кездесуде Афаров Қант қаласы маңынан карьер сатып алғанын, алайда кейін ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері нысанды алаяқтық жолмен тартып алғанын айтты.

"Карьер сатып алып, ұйымдасқан қылмыстық топтың қолына түстім. Олар оны алаяқтық жолмен қайтадан иемденіп алды. Келтірілген шығын 200 мың доллардан асады. Олардың бірі өзін туысыңыз Азамат Жапаровпын деп таныстырды. Екіншісі - Ильясбек Қайыпов", - деді ол.

Президент ол адам шынымен туысы не туысы емес екенін сұрады.

"Азамат Жапаров менің туысым емес пе? Әлде аты-жөні бірдей адам ба?" - деп нақтылады Қырғызстан басшысы.

Афаров әлгі адам өзін президенттің туысымын деп таныстырғанын, алайда кейін бұл мәлімет шындыққа жанаспайтыны анықталғанын айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан азаматы оқиғаға қатысы бар адамдардың ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Шағымды тыңдаған Садыр Жапаров Ішкі істер министрлігіне кездесуден кейін бірден өтініш иесін қабылдап, оқиғаның мән-жайын анықтауды тапсырды. Одан кейін Жапаров аты аталған адамдар қазір қайда жүргенін сұрады. Олар әлі ұсталмағанын естіген соң қосымша тапсырма берді.

"Ішкі істер министрлігі, оларды ұстаңыздар және ақшаны қайтарыңыздар. 200 мың долларды қайтару керек. Оған көмектесіңіздер", – деді Садыр Жапаров.