Ақтауда толассыз жауған жаңбырдан кейін су басқан аумақтарды тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Коммуналдық қызметтер бір тәулікте жолдар мен оларға іргелес аумақтан 10 мың текше метр суды сорып шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қала әкімдігі мәліметінше, су сору жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техника мен 50-ге жуық коммуналдық қызметкер жұмылдырылған. Түнгі уақытта мамандар су жиналған 11 учаскеде жұмыс істеді.
8 қарашада таңертең жұмыстар 17 және 18А шағынаудандарының қиылысында, "Хазар" базары маңында, 29 және 29А шағынаудандары арасында, сондай-ақ, 13, 15, 11, 14-шағынаудандар арасындағы аумақта жалғасты.
Коммуналдық қызметкерлер жауын-шашыннан кейін көлік қозғалысы қиындаған жолдар мен оған жақын аумақтардағы суды сорып жатыр. Сонымен қатар, қолайсыз ауа райынан зардап шеккен жолдар мен қала аумағын ретке келтіріп жатыр. Жағдай жауапты қызметтердің бақылауында.