"Неге бірден жауап бермейсіз?": Асхат Аймағамбетов қоғамдағы қалыптасқан әдетті сынға алды

"Неге бірден жауап бермейсіз?": Асхат Аймағамбетов қоғамдағы қалыптасқан әдетті сынға алды
Асхат Аймағамбетов. Фото: facebook.com/askhat.aimagambetov

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов смартфон мен әлеуметтік желілерге тәуелділікті азайту үшін күнделікті әдетін өзгерткенін айтты. Ол соңғы уақытта телефонын "Зейін қою" режиміне ауыстырып, хабарламаларды үш сағат сайын ғана тексеруге тырысатынын жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутат әлеуметтік желідегі парақшасында мессенджерлерден үздіксіз келетін хабарламалар адамның жұмысқа зейін қоюына кедергі келтіретінін жазды. Оның айтуынша, қазір телефоны мен сағатына әлеуметтік желілерден және Telegram арналарынан келетін ескертулерді өшіріп қойған.

"Соңғы кезде телефонымды "Зейін қою" режиміне қойып, хабарламаларды үш сағатта бір рет қана ашып көруге тырысып жүрмін. Сағат пен телефон экранына әлеуметтік желілер мен телеграм-арналардан шығатын ескертулер де өшірулі", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Ол мессенджерлерде кез келген мәселе үшін жеке чат ашу әдеті қалыптасқанын, мұның да адамның уақытын алатынын атап өтті. Депутаттың сөзінше, үш сағаттан кейін телефонды ашқанда жүздеген хабарлама жиналып қалады. Олардың арасында неге бірден жауап бермегенін сұрап, реніш білдіретіндер де кездеседі.

"Байқасақ, үнемі байланыста болуды жауапкершіліктің белгісі деп санауға үйреніп кетіппіз. Бірақ күні бойы телефонға телміріп отыру мен тындырымды жұмыс істеу - екеуі екі бөлек нәрсе ғой", – деді ол.

Асхат Аймағамбетов әр хабарламаға бірден жауап беру міндет емес екенін айтып, адамдардың бір-бірінің уақытын құрметтеуі маңызды деп есептейді. Оның пікірінше, шұғыл мәселе туындаған жағдайда телефон соғуға болады. Ал аса маңызды емес хабарламаларға жауап алу үшін бірнеше сағат күту қалыпты жағдайға айналуы керек.

"Меніңше, өзара былай келісіп алуға болады: шаруа шынымен тығыз болса – қоңырау шалайық. Ал асығыс болмаса – бірнеше сағат күте тұруға әбден болады", – деп жазды депутат.

Ол қоғамда адамның демалу құқығына құрмет қалыптаса бастағанымен, ешкімге алаңдамай жұмыс істеу құқығына жеткілікті мән берілмейтінін жеткізді.

"Адамның демалу құқығын құрметтеуді үйрендік қой. Ал оның ешкімге алаңдамай, тыныш отырып жұмыс істеу құқығына келгенде әлі де аздау түсіп жатамыз", – деді Асхат Аймағамбетов.