Қырғызстанда тауда адасып кеткен 14 жастағы жасөспірім өлі табылды

Қырғызстанда тауда адасып кеткен 14 жастағы жасөспірім өлі табылды
Фото: pixabay.com

Қырғызстанда тауға жүгіру жарысына қатысуға барған 14 жастағы жасөспірім қайғылы жағдайда көз жұмды. Ұйымдастырушылар жасына байланысты жарысқа жібермеген соң, ол тауға жалғыз көтеріліп, адасып кеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы оқиға Бішкек қаласына жақын орналасқан Ала-Арча табиғи паркінде болған. Үш күн бойы іздестірілген Амир Кунакуновтың денесі 9 қараша күні сағат 16:00 шамасында Электро шыңының маңынан табылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім суықтан үсіп, дене температурасының төмендеуі салдарынан қайтыс болуы мүмкін.

Жарысқа жіберілмеген соң тауға жалғыз кеткен

Белгілі болғандай, 7 қараша күні таңертең Амир үйінен Ала-Арча табиғи паркінде ұйымдастырылған тауға жүгіру жарысына қатысу үшін шыққан.

Алайда ұйымдастырушылар оның жасы талапқа сәйкес келмейтінін айтып, жарысқа қатысуына рұқсат бермеген.

Осыдан кейін жасөспірім өз бетінше Адыгене шатқалына қарай бағыт алған.

Куәгерлердің айтуынша, сол күні түстен кейін баланы «Электро» деп аталатын тұрақ маңынан көргендер болған.

Құтқарушыларға өзі хабарласқан

Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 7 қараша күні сағат 19:02-де Амир 112 нөміріне қоңырау шалып, таудан түсіп келе жатқанда адасып кеткенін хабарлаған.

Құтқарушылар жасөспіріммен байланысып, оның геолокациясы арқылы қай жерде жүргенін анықтаған. Белгілі болғандай, ол Электро шыңының маңында болған.

Алайда көп ұзамай баламен байланыс үзілген.

8 қарашада іздеу жұмыстарына қосымша құтқару бөлімшелері мен альпинистер жұмылдырылған.

Ал 9 қарашада Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасы Адылбек Қасымалиев арнайы онлайн кеңес өткізіп, жасөспірімді іздеу жұмыстарын күшейтуді тапсырған.

Осыдан кейін іздестіру шараларына тікұшақ та тартылған.

Өкінішке қарай, сол күні түстен кейін құтқарушылар жасөспірімнің денесін тау арасынан тапты.

Өлімнің алдын ала себебі белгілі болды

Алғашқы мәліметтерге сәйкес, 14 жастағы Амир Кунакуновтың қазасына денесінің қатты тоңуы себеп болуы мүмкін.

Дегенмен оның нақты неден қайтыс болғаны тиісті тексеру нәтижесінде анықталады.

Айта кетейік, Ала-Арча – Бішкек қаласына жақын орналасқан, туристер мен альпинистер жиі баратын табиғи парк. Мұнда тау жорықтары мен жүгіру жарыстары өткізіліп тұрады.