Қарағандыда балаларды тамақтандыруға бөлінген конкурс дауға ұласты

Қарағандыда балаларды тамақтандыруға бөлінген конкурс дауға ұласты
pixabay.com

Қарағандыда балаларды тамақтандыру қызметін ұйымдастыруға арналған конкурстың қорытындысы сот шешімімен заңсыз деп танылып, күші жойылды. Сонымен қатар қызмет көрсету туралы келісімшарт жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, сот жеке кәсіпкердің конкурс ұйымдастырушысына қарсы берген талап арызын қанағаттандырған.

Іс «Балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтері» лоты бойынша өткізілген конкурс нәтижелеріне қатысты қаралған. Талап қоюшы конкурс қорытындысы туралы хаттамамен келіспей, екі жеке кәсіпкерге негізсіз жоғары балл берілгенін алға тартқан.

Сот анықтағандай, конкурстың нәтижелері қайта шығарылған кезде конкурсқа қатысуға өтінім берген жеке кәсіпкерлердің бірқатар қызметкері олармен еңбек қатынасында болмаған. Осыған байланысты кәсіпкерлер қажетті еңбек ресурстарының болуы туралы талаптарға сәйкес келмеген.

Сот конкурс қорытындысы туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жойды. Сондай-ақ қызмет көрсету туралы келісімшарт жарамсыз деп танылды.

Жауапкер талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұрап, конкурс өтінімдері конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес бағаланғанын мәлімдеген.

Алайда Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, талап арызды қанағаттандыру туралы шешімді күшінде қалдырды.