Астанада жолақы 150 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Астанада жолақы 150 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін
Gov.kz

Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Жаңа тарифті желтоқсанның ортасынан бастап енгізу ұсынылып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қала әкімдігінің түсіндіруінше, елордада 90 теңгелік тариф 2014 жылы бекітілген. Содан бері жолақы бір рет қана қайта қаралып, қазіргі уақытта 110 теңгені құрайды.

Алайда соңғы 12 жылда жолаушылар тасымалына кететін негізгі шығындар айтарлықтай өскен. Мәселен, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазір 329 теңгеге жеткен. Яғни жанармай бағасы үш еседен астам қымбаттаған.

Автобус жүргізушілерінің жалақысы да өскен. 2014 жылы олардың орташа еңбекақысы 100–150 мың теңге шамасында болса, қазір автобус класы мен жұмыс кестесіне қарай 700 мың теңгеден басталады.

Бұдан бөлек, қосалқы бөлшектердің, автокөлік шиналарының, аккумуляторлардың, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарының, сондай-ақ жаңа автобустардың бағасы артқан.

Соған қарамастан, елордада қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарға сай келетін 1127 жаңа автобус сатып алған.

Әкімдік тариф өзгерген жағдайда да халықтың әлеуметтік осал санаттарына арналған жеңілдіктер сақталатынын атап өтті.

Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар және олардың бір ата-анасы қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие.

Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санаттарына және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, заңда белгіленген тәртіппен ақталған азаматтарға да жеңілдік қарастырылған. 2020 жылдың наурызынан бастап Астанада оқитын 18 жасқа дейінгі балалар да қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Әкімдік мәліметінше, 2026 жылға арналған тариф есебіне сәйкес, бір жолаушыны тасымалдаудың орташа есептік құны қазіргі жолақыдан едәуір жоғары.

Осыған байланысты тасымалдаушылардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, автобус паркін жаңарту және маршрут желісін дамыту мақсатында желтоқсанның ортасынан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезіндегі жолақыны 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр.