Алматыда экоблогер мемлекеттен бөлінген 150 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

Алматыда экоблогер мемлекеттен бөлінген 150 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

Алматыда эколог-блогер, «Байтақ» жасылдар партиясының бұрынғы хатшысы Ерлан Қыдырбаев ұсталды. Оған мемлекеттен ғылыми жобаларды қаржыландыруға бөлінген қаражатты жымқырды деген күдік бар. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналистің мәліметінше, 50 жастағы Ерлан Қыдырбаев ғылыми ортада танымал тұлғалардың бірі. Ол бұған дейін «Байтақ» партиясының хатшысы болған. Сонымен қатар YouTube арнасын жүргізіп, түрлі тақырыпта бейнероликтер жариялап, танымал адамдардан сұхбат алған.

Козачковтың жазуынша, Қыдырбаев екі ғылыми жобамен айналысқан. Олардың негізгі мақсаты – қант диабеті, целиакия және басқа да аурулары бар адамдарға арналған арнайы тағам өнімдерінің өндірісін жолға қою. Атап айтқанда, глютенсіз және көмірсуы аз нан-тоқаш пен ұн өнімдерін шығаратын цехтар ашу жоспарланған.

Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы екі компанияға жүздеген миллион теңге бөлген.

Журналистің дереккөзіне сүйенсек, Қыдырбаев аталған компанияларда жалдамалы қызметкер ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде олардың жұмысын өзі бақылаған деген болжам бар.

Тергеу нұсқасы бойынша, компаниялар бөлінген қаржыға жаңа өндірістік жабдықтар сатып алуы керек болған. Алайда қаражат жеткізушілердің есепшоттарына аударылғанымен, іс жүзінде бұрын пайдаланылған, техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін жабдықтар сатып алынған.

Ал құжаттарда техника жаңа әрі қымбат бағаға алынғаны көрсетілген. Журналистің мәліметінше, сатып алуға бөлінген қаражат пен нақты жұмсалған соманың арасындағы айырмашылық қолма-қол ақшаға айналдырылып, Ерлан Қыдырбаевқа берілген болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, жобалардың орындалып жатқанын көрсету үшін жалған жеткізілімдер туралы құжаттар рәсімделген деген күдік бар. Ал шын мәнінде ерекше тағамға мұқтаж адамдарға арналған өнімдер өндірілмеген.

Қазір бұл істі Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (ЭТТД) тергеп жатыр.

Михаил Козачковтың мәліметінше, мемлекетке келтірілген алдын ала шығын көлемі шамамен 150 миллион теңге.