Ақтауда тұрғындар жарық, жылу және ыстық су жоқтығына байланысты жолды жауып тастады

Ақтауда тұрғындар жарық, жылу және ыстық су жоқтығына байланысты жолды жауып тастады
lada.kz

Ақтауда екі шағынауданның тұрғындары коммуналдық қызметтердің ұзақ уақыт бойы болмауына байланысты наразылық білдіріп, жолды жауып тастады. Қазір 20-шағынаудандағы бес тұрғын үй әлі де электр жарығынсыз отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 19А және 20-шағынаудандардың арасындағы жолда болған. Тұрғындардың айтуынша, үйлерінде жарық жоқ екеніне бір тәулікке жуық уақыт өткен. Бұған қоса, жылу мен ыстық су да берілмей жатыр.

Тұрғындар осылайша билік пен жауапты мекемелердің назарын мәселеге аударуды көздеген. Жарияланған бейнежазбалардан жолдағы көлік қозғалысының тоқтағанын көруге болады. Кептелісте қоғамдық көлік те қалып қойған.

Тұрғындардың айтуынша, пәтерлердің іші суып кеткен. Олардың арасында кішкентай балалары бар отбасылар да бар. Тоңазытқыштар жұмыс істемей, азық-түлік бұзыла бастаған.

«Жарықтың қайта қосылған кезде кернеуі күрт көтеріліп, тұрмыстық техникалар істен шыға ма деп алаңдаймыз. Ондай жағдайда шығынды кім өтейді? Жарық бұрын да бірнеше рет өшіп, аз уақытқа қосылғанымен, қайта сөнеді. Жылытқыштарды пайдалануға мәжбүрміз. Соның салдарынан электр энергиясына кететін шығын көбейгенімен, пәтерлер бәрібір суық», – дейді №33 үйдің тұрғындары.

Олар әкімдік пен жауапты мекемелерден электр жарығы, жылу және ыстық су қашан берілетінін түсіндіруді талап етті. Сондай-ақ апаттың себептері, жөндеу жұмыстарының барысы және тұрмыстық техника істен шыққан жағдайда өтемақы алу тәртібі туралы ақпарат беруді сұрады.

Ал «АУЭС» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, қазір 20-шағынаудандағы бес тұрғын үй электр қуатынсыз отыр.

Мекеме мамандары жарық өшкен сәттен бастап апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда қолайсыз ауа райы мен нөсер жаңбыр салдарынан кейбір учаскелерді су басқан. Соның салдарынан зақымданған кабельдер су астында қалған.

Бұл ақауды анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізуді қиындатып отыр.

«Қазіргі уақытта электр энергиясын толық қалпына келтірудің нақты мерзімін айту мүмкін емес», – деп хабарлады кәсіпорын.