Қарыз көбейіп, бала туу азайды: Мұрат Әбенов Үкіметке ұсыныс жасады

Қарыз көбейіп, бала туу азайды: Мұрат Әбенов Үкіметке ұсыныс жасады
Коллаж: ЖИ, фото: Мәжіліс

Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі жыл сайын ұлғайып, дүниеге келетін нәрестелер саны керісінше азайып барады. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Білім және адами капитал жөніндегі комиссияның төрағасы Мұрат Әбенов осы екі көрсеткіштің арасында байланыс болуы мүмкін екенін айтып, Үкіметті арнайы зерттеу жүргізуге шақырды. Ол жас отбасылардың қаржылай жүктемесін жеңілдету үшін бала туған сайын несие қарызының бір бөлігін мемлекет есебінен өтеу немесе кредиттік демалыс беру тетіктерін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Төрт жылда несие көлемі 2,7 есе өскен

Мұрат Әбенов Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында кейінгі жылдары Қазақстанда тұтынушылық несиенің өсуі мен бала туу көрсеткішінің төмендеуі қатар жүріп жатқанын атап өтті.

Ол келтірген мәліметтерге сәйкес, 2021 жылы елдегі тұтынушылық несие көлемі 6,1 трлн теңгені құраса, сол жылы 445,9 мың бала дүниеге келген. Ал 2022 жылы несие көлемі 7,7 трлн теңгеге жетіп, туған балалар саны 403,9 мыңға дейін азайған.

Бұл үрдіс кейінгі жылдары да жалғасқан. Атап айтқанда, 2023 жылы тұтынушылық несиелер 10,3 трлн теңгеге, 2024 жылы 13,8 трлн теңгеге жеткен. Осы кезеңде дүниеге келген балалар саны тиісінше 388,4 мыңнан 365,9 мыңға дейін төмендеген.

Автордың дерегінше, 2025 жылы тұтынушылық несие көлемі 16,7 трлн теңгеге жетсе, бала туу көрсеткіші 335 мыңға дейін қысқарған.

Осылайша, төрт жылдың ішінде тұтынушылық несие көлемі шамамен 2,7 есе өсіп, дүниеге келген балалар саны 25 пайызға жуық азайған.

«Бұл жай ғана сәйкестік пе? Меніңше, мұны зерттемей тұрып “байланыс жоқ” деп айтуға болмайды. Әрине, бала туу тек кредиттен азайды деу дұрыс емес. Демографияға жұмыс, табыс, баспана, балабақша, көші-қон, әйелдердің жұмыспен қамтылуы, отбасылық құндылықтар сияқты көптеген фактор әсер етеді», – деп жазды Мұрат Әбенов.

Оның пікірінше, қарыз көлемінің тұрақты өсуі мен бала туу көрсеткішінің жыл сайын төмендеуі Үкімет тарапынан жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Балаға кететін шығын ба, әлде кредит төлемі ме?

Мұрат Әбенов жас отбасылардың күнделікті тұрмысын мысалға келтіріп, қаржылай міндеттемелердің бала сүю туралы шешімге ықпал етуі мүмкін екенін түсіндірді.

Оның айтуынша, бүгінде көптеген жас отбасы баспана жалдап немесе ипотека төлеп жүр. Бұған тұтынушылық несиелер қосылады. Ал алғашқы бала дүниеге келгенде отбасының шығыны артып, ата-ананың біреуінің табысы уақытша қысқаруы мүмкін. Соған қарамастан банк алдындағы міндеттеме өзгеріссіз қалады.

«Осындай жағдайда екінші немесе үшінші бала туралы шешім қабылдағанда отбасы нені бірінші есептейді? Балаға кететін шығынды ма? Әлде келесі айдағы кредит төлемін бе? Осы құбылысты шартты түрде “қарыз контрацепциясы” деп атауға болады. Медициналық кедергі жоқ. Бала сүюге ниет бар. Бірақ отбасылық бюджетте келесі балаға орын азайып барады», – дейді ол.

Әбеновтің пайымдауынша, мәселе тек отбасының табыс деңгейінде емес, оның тұрақты қаржылай міндеттемелерінде де жатыр. Сондықтан демографиялық саясатты әзірлегенде азаматтардың несие жүктемесін де ескеру қажет.

Польша мен Венгрияда қандай қолдау бар?

Өз ұсынысын негіздеу үшін Мұрат Әбенов шетелдік тәжірибеге тоқталды. Оның сөзінше, бірқатар мемлекет бала туған кезде берілетін жәрдемақымен шектелмей, отбасылардың ұзақ мерзімді қаржылық міндеттемелерін азайтуды да қарастырады.

Мәселен, ол Оңтүстік Кореядағы бала туу көрсеткішінің төмендеуін зерттеген халықаралық сарапшылар жастардың қаржылық тұрақсыздығын, тұрғын үй бағасының қымбаттығын және бала тәрбиесіне жұмсалатын шығындарды маңызды факторлар ретінде қарастыратынын атап өтті.

Ал Польшада арнайы отбасылық тұрғын үй несиесі аясында екінші бала дүниеге келгенде ипотеканың негізгі қарызының бір бөлігін мемлекет өтейтінін, үшінші және одан кейінгі балалар туған жағдайда қолдау көлемі ұлғаятынын мысалға келтірді.

Венгрияда да бала тууға байланысты жеңілдетілген отбасылық несие жүйесі қарастырылған. Әбеновтің түсіндіруінше, мұндай бағдарламаларда алғашқы бала туған кезде төлемді уақытша тоқтату, екінші бала дүниеге келгенде қарыздың бір бөлігін азайту, ал үшінші бала туған жағдайда қалған берешекті өтеуге дейінгі қолдау тетіктері бар.

«Яғни кейбір мемлекеттерде бала дүниеге келгенде отбасының тек шығыны көбеймейді. Қарыз жүктемесі де азаяды», – деп атап өтті ол.

Бала туған сайын несиені азайту ұсынылды

Мұрат Әбенов Қазақстанда жас отбасыларды қолдаудың жаңа қағидасын енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Оның негізгі идеясы – бала саны көбейген сайын отбасының несие жүктемесін кезең-кезеңімен жеңілдету.

Атап айтқанда, бірінші бала дүниеге келгеннен кейін отбасының табысы төмендесе, алты немесе он екі айға кредиттік демалыс беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Екінші бала туған жағдайда ипотеканың негізгі қарызының белгілі бір бөлігін мемлекет есебінен өтеу тетігін енгізуге болады. Ал үшінші бала дүниеге келгенде қолдау көлемін одан әрі арттыру мәселесі қарастырылуы тиіс.

Оның пікірінше, мұндай шаралар ең алдымен табысы төмен және орташа жас отбасыларға бағытталуы қажет.

«Мен барлық кредитті кешіру керек деп отырған жоқпын. Бірақ мына қағиданы талқылауды ұсынамын: бала дүниеге келген сайын жас отбасының қарыз жүктемесі азаюы керек», – деді Мұрат Әбенов.

Ол бастаманың мақсаты азаматтарға жаппай қаржы тарату емес, бала дүниеге келгеннен кейінгі ең күрделі кезеңде отбасының банк алдындағы міндеттемелерін жеңілдету екенін түсіндірді.

Жас отбасының ертеңге деген сенімінен үнемдеуге болмайды

Әбенов әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау қажеттігін де көтерді. Оның пікірінше, мемлекет кейбір артық жеңілдіктерді қайта қарап, бюджет қаражатын тиімді жұмсауы мүмкін. Алайда мұндай өзгерістер жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын нашарлатпауы тиіс.

«Мемлекет әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамдарға бағыттауы керек. Жағдайы жақсы адамдарға негізсіз жеңілдік бермеу де дұрыс. Кей жерде үнемдеуге болады. Кейбір артық жеңілдікті қайта қарауға болады. Бірақ жас отбасының ертеңге деген сенімінен үнемдеуге болмайды», – деп жазды ол.

Мұрат Әбенов қазіргі жастардың тұрмысын жақсы білетінін, олардың арасында екі жерде жұмыс істеп, негізгі қызметінен кейін қосымша табыс табуға мәжбүр азаматтар аз емес екенін айтты.

Бірі ипотекасын өтесе, енді бірі пәтер жалдап тұрады. Сонымен қатар бала тәрбиесіне, балабақшаға, күнделікті қажеттіліктерге қаражат жұмсап, ата-анасына да көмектеседі.

«Мен әкемін. Бірнеше немеренің атасымын. Қазіргі жас отбасылардың қалай өмір сүріп жатқанын көріп жүрмін. Бірі екі жерде жұмыс істейді. Бірі күндіз негізгі жұмысында, кешке қосымша табыс іздейді», – деді ол.

Оның пайымдауынша, бүгінгі жас отбасыларға көрсетілген қолдау болашақта ел экономикасына да оң әсер етуі мүмкін. Өйткені олардың балалары ертең дәрігер, инженер, мұғалім, кәсіпкер болып, қоғамның дамуына үлес қосады.

«Сондықтан жас отбасына көмектесу жай ғана әлеуметтік шығын емес. Бұл болашаққа салынған инвестиция. Адамгершілік тұрғысынан да солай. Мемлекеттік тұрғыдан да солай. Балам дейтін мемлекет болмаса, мемлекетім дейтін бала қайдан шығады?» – деп жазды Мұрат Әбенов.

Үкіметке төрт сұрақ қойды

Мұрат Әбенов бастаманы жүзеге асырудан бұрын оның экономикалық және демографиялық тиімділігін зерттеу қажет екенін атап өтті.

Осыған байланысты ол Үкіметтің назарын төрт мәселеге аударды.

Біріншіден, Қазақстанда қарызы бар және қарызы жоқ жас отбасылардың бала туу көрсеткіштері салыстырылды ма?

Екіншіден, ай сайынғы несие төлемі отбасы табысының қандай үлесін құраған кезде екінші немесе үшінші баланы дүниеге әкелу туралы шешімге әсер етеді?

Үшіншіден, Польша мен Венгрия тәжірибесіне ұқсас, бала туған сайын отбасының қарыз жүктемесін азайтатын механизмді Қазақстанда енгізу қанша қаражатты қажет етеді?

Төртіншіден, мұндай қаржылық қолдау бала туу көрсеткішінің артуына қаншалықты ықпал етуі мүмкін?

Әбеновтің пікірінше, осы сұрақтарға ғылыми негізделген жауап берілмейінше, ұсынылған тетіктің Қазақстанға қажет емес екенін кесіп айтуға болмайды.

«Бала туған соң өз күніңді өзің көр» деген ұстаным өзгеруі керек

Жазбасында Мұрат Әбенов Президенттің әлеуметтік саясаттағы өзгерістерге қатысты айтқан пікірін де еске салды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының мұндай реформаларды «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» жүргізу қажеттігі туралы сөзін келтірді.

Сондай-ақ Президенттің «Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды» деген ескертуіне назар аударды.

Әбеновтің пікірінше, бұл қағида жас отбасыларды қолдау саясатына да қатысты болуы тиіс.

«Жастарға “Бала туған соң өз күніңді өзің көр” деген сигнал емес, “Бала дүниеге келгенде мемлекет отбасының аяғынан тұруына көмектеседі” деген сенім керек», – деді ол.

Осыған байланысты ол Қазақстанда бала туған сайын жас отбасының несие жүктемесін азайтатын жүйені қоғамдық және сарапшылық деңгейде талқылауға шақырды.

Мұндай қолдаудың ипотека арқылы, кредиттік демалыс беру немесе негізгі қарыздың бір бөлігін мемлекет есебінен өтеу жолымен жүзеге асатынын тиісті мамандар есептеуі қажет екенін айтты.

«Бірақ мәселені көтерудің өзі бүгін қажет. Өйткені қарыз өсіп жатыр. Ал бала туу азайып жатыр. Бұл байланысты Қазақстан енді елемей отыра алмайды», – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.

Ол бастаманы жүзеге асырудың әділ әрі тиімді тетіктерін анықтау үшін қоғамдық пікірді де ескеру қажет екенін жеткізді.