Трамптың ұлдарының Қазақстандағы вольфрам жобасы қаржысыз қалуы мүмкін

Трамптың ұлдарының Қазақстандағы вольфрам жобасы қаржысыз қалуы мүмкін
gov.kz

АҚШ-тың мемлекеттік қаржы институттары US EXIM мен DFC әзірге Қазақстандағы вольфрам кен орнын игеруге 1,6 миллиард доллар бөлуден бас тартып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жобаның экономикалық тиімділігіне қатысты күмән мен геосаяси қауіп Вашингтон ұстанымын қайта қарауына себеп болған. АҚШ билігі Қазақстанның Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқанын да ескеріп отыр.

Жоспар бойынша қаржының 900 миллион долларын US EXIM, ал 700 миллион долларын DFC бөлуі керек еді. Былтыр екі ұйым да жобаға қызығушылық танытқан хат берген. Алайда бұл құжаттар қаржы міндетті түрде бөлінетініне кепілдік бермеген.

DFC өкілінің айтуынша, корпорация қазір бұл мәмілені белсенді түрде қарастырып жатқан жоқ. Жоба бағалаудың төрт кезеңінің біріншісінде тұр. Ал US EXIM берген хаттың мерзімі тамызда аяқталған. Cove Kaz компаниясы оның мерзімін ұзартуды сұраған. Банк бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеді.

Компания өкілдері АҚШ шенеуніктері жобаны әлі де қолдап отырғанын айтады. Директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаустың сөзінше, қаржы бөлу туралы ресми өтініш 2027 жылы түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме дайын болған соң беріледі. Оған дейін жобаға қарыз қаражаты қажет емес.