Астанада эколог, заңгер және қоғам белсендісі Лаура Маликованың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Әріптестерінің айтуынша, ол қазір елордадағы арнайы қабылдау орнында болуы мүмкін. Алайда әзірге бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Hronika.kz басылымының мәліметінше, Маликованың ұсталғаны туралы ақпаратты 9 қарашада оның әріптестері хабарлаған.
Қоғам белсендісінің серіктестері бұған оның митингке қатысуға шақырған жария мәлімдемелері себеп болуы мүмкін деп болжайды. Олардың пікірінше, бұл жағдай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 7-бөлігіне қатысты болуы ықтимал. Аталған бап бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейді.
Дегенмен, әзірге сот отырысының өткен-өтпегені және оған қатысты әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарылған-шықпағаны белгісіз.
Басылымның жазуынша, экологиялық қауымдастық өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокурорға ресми өтініш жолдаған.
Осыған байланысты DalaNews.kz редакциясы Астана қаласының Полиция департаментіне ресми сауал жолдаған. Редакция әзірге полициядан жауап алмаған.
Лаура Маликова қандай мәлімдеме жасаған?
Лаура Маликова экология мәселелерімен айналысып, су нысандарын қорғау және қоршаған ортаны сақтау бағытында белсенді жұмыс істеп келеді. Ол мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты да өз пікірін жиі білдіреді.
2 қарашада Маликова әлеуметтік желідегі парақшасында билікті сынап, митинг өткізуге шақырған видео жариялаған. Жазба қоғамда кеңінен талқыланды. Видео шамамен 1,4 миллион рет қаралып, 50 мыңға жуық лайк жинаған. Сондай-ақ 30 мыңнан астам рет бөлісілген.
Өз үндеуінде қоғам белсендісі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық саясатты сынға алған. Ол әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтарды табыс деңгейіне қарай бөлуді, қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуін және биліктің бизнеске қатысты шешімдерін қолдамайтынын айтқан.
Маликованың пікірінше, мұндай шаралар орта таптың азаюына және халықтың тұрмыс жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін.
Әлеуметтік желі қолданушылары не дейді?
Маликованың видеосы жарияланғаннан кейін кейбір қолданушылар оның қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірген. Олар билікке қатысты ашық айтылған сыни пікірлер қоғам белсендісіне қиындық тудыруы мүмкін деп қауіптенген.
Қазір жазылушылары оның әлеуметтік желіде көрінбей кеткенін айтып, қайда екеніне алаңдап отыр. Алайда Маликованың парақшасындағы белсенділіктің тоқтауы оның ұсталғаны туралы ақпаратпен байланысты ма, жоқ па — белгісіз.
Материал жарияланған сәтте Лаура Маликованың ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты ресми растау немесе теріске шығару болған жоқ.