"Басында сенбедім": Мәдина Ералиеваның ұлы анасын еске алды

"Басында сенбедім": Мәдина Ералиеваның ұлы анасын еске алды
Мәдина Ералиева. Фото-коллаж: Malim.kz

Қазақтың белгілі әншісі, "Ақбаян" атанған марқұм Мәдина Ералиеваның ұлы Арсен Ералиев анасының қайтыс болғанын қалай естігенін айтып берді. Ол арада қанша жыл өтсе де, сол күннің ауыр естеліктері жадынан өшпегенін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Арсен Ералиев "Астарлы ақиқат" бағдарламасында анасының өмірден өткен сәтін еске алып, жан сырын ақтарды.

Оның айтуынша, 2000 жылдың қараша айында болған қайғылы оқиға өмірін түбегейлі өзгерткен. Анасының қазасы туралы хабарды оған белгілі әнші Нағима Есқалиева мен жақын таныстары жеткізген.

"2000 жылдың қараша айы әлі күнге дейін есімде. Нағима Есқалиева мен анамның достары Салман мен Алексей келіп, анамның өлімін естіртті. Басында сенбедім. Өң мен түс арасында жүргендей болдым. Үйге адамдар жинала бастады. Бүкіл әншілер, туысқандар келе бастады", – деді Арсен Ералиев.

Ол қаралы хабарды естіген алғашқы сәтте болған жағдайға сене алмағанын айтты. Кейін үйіне туыстары мен өнер адамдары жинала бастаған.

Арсен Ералиев анасының денесін алып келу үшін Қызылорда облысына арнайы барғанын да еске алды.

"Сосын біз Қызылорданың Байқоңыр өңіріне чартерлік рейспен ұшып кеттік. Анамның денесін сол жерден өзім алып келдім. Әлі күнге дейін анамның күшін сеземін. Ол мені әрдайым желеп-жебеп жүреді. Уақыт өткен сайын сағына беремін", – деді ол.

Әншінің ұлы жылдар өткен сайын анасына деген сағынышы күшейе түсетінін жасырмады. Оның сөзінше, Мәдина Ералиеваның рухани қолдауын әлі күнге дейін сезінеді.

Мәдина Ералиева кім?

Мәдина Ералиева – қазақ эстрадасының белгілі әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ол халық арасында "Қазақтың Ақбаяны" деген атпен танылған.

Әнші ұлттық ән өнеріндегі өзіндік орындаушылық мәнерімен және ерекше дауысымен көпшіліктің ықыласына бөленген.

Мәдина Ералиева 2000 жылдың қараша айында жол-көлік оқиғасы салдарынан өмірден өтті.

Өнер иесінің мезгілсіз қазасы қазақ өнері үшін ауыр қайғы болды. Оның орындауындағы әндер күні бүгінге дейін тыңдарман жадында сақталып келеді.