Премьер-министр Олжас Бектенов табыс табу үшін елордаға келген азаматтар жиі қоныстанатын арзан жалдамалы үйлерді тексеруді күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, мұндай баспаналардың тұрмыстық жағдайы көбіне талапқа сай келмейді. Кейбір нысан тіпті апатты жағдайда болуы мүмкін.
"Тек елорданың өзінде осындай 860 нысан есепке алынған. Өткен қыста олардың аумағында 30-ға жуық өрт болды", – деді Олжас Бектенов.
Өрттің негізгі себептері қатарында электр желілеріндегі қысқа тұйықталу, отты абайсыз пайдалану және қауіпсіздік талаптарын сақтамау бар.
Осыған байланысты әкімдіктерге Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, мұндай баспаналарды ерекше бақылауға алу тапсырылды. Жауапты органдар тұрақты рейд жүргізіп, өрт қаупін дер кезінде анықтап, заңбұзушылықтарды жедел жоюға тиіс.