Түркиядағы металлургия зауытында жарылыс болып, 17 адам қаза тапты

Түркиядағы металлургия зауытында жарылыс болып, 17 адам қаза тапты
TNT Haber

Түркияның Измир провинциясындағы металлургия зауытында болған жарылыстан 17 адам қаза тауып, тағы 12 адам жарақат алды. Билік өкілдері құрбандар саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

TNT Haber мәліметінше, қайғылы оқиға Измир провинциясының Алиага ауданындағы металлургиялық кәсіпорында болған. Қатты жарылыстан кейін зауыт аумағында өрт шығып, аспанға қою түтін көтерілген. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, маңайдағы тұрғындар арасында үрей туғызған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері, полиция мен құтқару қызметінің мамандары жіберілген.

Қазір Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасының (AFAD), өрт сөндіру қызметі мен полицияның іздестіру-құтқару топтары жұмыс істеп жатыр. Жарақат алғандардың бірін санитарлық тікұшақпен Измир қалалық ауруханасына жеткізген. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

Қалған зардап шеккендерге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін жедел жәрдем көліктері оларды Алиага ауданындағы жақын маңдағы ауруханаларға жеткізген.