Өрт кезінде зейнеткерлер мен жұмыссыздар жиі көз жұмады – ТЖМ

Өрт кезінде зейнеткерлер мен жұмыссыздар жиі көз жұмады – ТЖМ
pixabay.com

Қазақстанда өрт пен иіс тиіп улану салдарынан көз жұматындардың басым бөлігі – зейнеткерлер мен уақытша жұмыс істемейтін азаматтар. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, өткен жылғы талдау жылыту маусымында өрттердің 55%-дан астамы тұрғын үй секторында, оның ішінде жеке тұрғын үйлерде болғанын көрсеткен.

«Өрттің негізгі себептері – электр құрылғыларын орнату және пайдалану қағидаларын бұзу, пешпен жылыту жүйелерін дұрыс пайдаланбау, сондай-ақ отты абайсыз қолдану. Сонымен қатар өрт пен иіс тиіп улану салдарынан қаза тапқандардың басым бөлігі зейнеткерлер мен уақытша жұмыс істемейтін азаматтар», – деді Мұрат Мұханов.

Осыған байланысты «Ата-ананың үйін тексер» атты арнайы акция басталған. Оның мақсаты – зейнеткерлердің үйлеріндегі өрт қаупін анықтап, қауіпсіздікке төнетін қатерлерді жою.

Министрдің сөзінше, әкімдіктер мен еріктілер бірлесіп, зейнеткерлердің тұрғын үйлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған атаулы көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін байланыс желісі ұйымдастырылған.

Бұдан бөлек, тұрғын үй секторында тәуекелге бағдарланған профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте үйлерді аралау олардың санына қарай емес, өрт шығу қаупінің деңгейіне байланысты ұйымдастырылады.

«Қазіргі уақытта осы санаттағы 93 мыңнан астам үй есепке алынған», – деп нақтылады министр.