Қазақстанда 3,5 млн бала қосымша білім беру ұйымдары мен үйірмелерге қатысады. Алайда бұл көрсеткіш барлық баланың бірдей мүмкіндікке ие екенін білдіре ме? Сарапшылардың пікірінше, отбасының табысы, тұрғылықты жері, көлік қатынасы және интернет сапасы баланың білім алуына тікелей әсер етеді. Qazaq Expert Club білім беру саласының сарапшысы Жазира Асанованың айтуынша, мәселе балалардың мектепке әртүрлі дайындықпен келуінде ғана емес, олардың арасындағы айырмашылықтардың білім беру жүйесінде ескеріле бермейтінінде, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Сыныптағы балалардың оқулығы мен оларға қойылатын талап бірдей болуы мүмкін. Бірақ сабақтан тыс уақытта олардың тәлімгерге қолжетімділігі, ата-анасының бос уақыты, отбасының қаржылық жағдайы, көлік қатынасы мен интернет сапасы әртүрлі. Уақыт өте келе осы айырмашылықтар баланың өзіне деген сеніміне, қызығушылығына және оқу нәтижесіне әсер етеді», – дейді сарапшы.
3,5 млн баланың қаншасы тегін үйірмеге барады?
Сарапшы Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйеніп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылғанын айтады. Оның ішінде 2,2 млн бала тегін үйірмелер мен спорт секцияларына қатысқан.
Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Дегенмен балаларды қосымша біліммен қамту статистикасы олардың таңдау мүмкіндігі бірдей екенін көрсете алмайды.
«Екі оқушы да статистикада үйірмеге қатысушы ретінде тіркелуі мүмкін. Бірақ біріншісі үйінің жанындағы бірнеше бағыттың ішінен таңдау жасай алады, ал екіншісінде бар болғаны бір ғана секция болуы мүмкін. Кейбір өңірлерде қосымша білім беруге арналған ваучерлік қаржыландыру кезегінде 15 мыңнан астам бала тұруы мүмкін. Бұл сұраныс пен нақты қолжетімділіктің арасында айырмашылық бар екенін көрсетеді», – дейді Жазира Асанова.
Бір үйірмеге қатысу қанша тұрады?
Сарапшының 2026 жылғы ашық ұсыныстарға жүргізген талдауына сәйкес, ірі қалалардағы жекеменшік дамыту орталықтарында сегіз сабақтың құны 25-45 мың теңге аралығында. Ал кейбір облыс орталықтарында мұндай бағдарламалар 12-32 мың теңгеден ұсынылады.
Мемлекеттік ұйымдардағы ақылы үйірмелердің бағасы 1 200 теңгеден 15 мың теңгеге дейін жетеді. Ауылдар мен аудан орталықтарында орташа баға 5 мың теңгеден аспайды. Алайда бұл көрсеткіштерді ел бойынша бірыңғай баға рейтингі деп қабылдауға болмайды. Өйткені жекеменшік қалалық орталықтар мен мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының қызмет түрлері әртүрлі.
Сарапшының айтуынша, шағын елді мекендегі үйірменің арзан болуы баланың өзі қалаған бағытты таңдай алатынын білдірмейді. Мәселен, ауылда тек музыка немесе сурет салу үйірмесі болуы мүмкін. Ал бала қызығатын басқа үйірме көрші ауданда орналасса, оған қатынау қиынға соғады.
Егер отбасы үш үйірмеге ай сайын 25 мың теңгеден төлесе, жалпы шығын 75 мың теңгені құрайды. Ал төрт үйірменің құны 100 мың теңгеге жетеді. Тоғыз оқу айында бір балаға 675-900 мың теңге жұмсалады. Бұл сомаға жол ақысы, арнайы киім, оқу құралдары мен жарыстарға бару шығындары кірмейді.
Бұған қоса, ата-ананың уақыты да маңызды. Мәселен, ата-ана жұмыстан кешкі сағат алтыда шығады, ал баланың үйірмесі беске белгіленген. Немесе ауылға қатынайтын соңғы автобус сабақ аяқталғанға дейін жүріп кетеді. Онлайн оқыту да барлық мәселені шеше алмайды. Ол үшін үйде тұрақты интернет пен қажетті құрылғы болуы керек.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көмек қанша тұрады?
Қосымша қолдауды қажет ететін балалардың жағдайы да назар аударуды талап етеді. Бір балаға оқу бағдарламасын бейімдеу мен мектеп мамандарының көмегі қажет болса, екіншісіне жеке ұсыныстарға сәйкес тұрақты түзету-дамыту сабақтары керек болуы мүмкін.
Сарапшы мұндай көмекті баланың қалауы бойынша қатысатын қарапайым үйірмелермен салыстыруға болмайтынын айтады. Өйткені бұл – оның білім беру процесіне толыққанды қатысуы үшін қажет қолдау. Жеке логопед сабағының құны 5 мың теңгеден, арнайы педагог (дефектолог) қызметі 8,5 мың теңгеден басталады.
«Әр маманнан аптасына бір рет сабақ алғанның өзінде, ай сайынғы шығын отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді», – дейді Жазира Асанова.
Қазақстанда мемлекеттік психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесі де жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала есепте тұр. Елде 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және 240 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. Дегенмен сарапшы үшін маңызды мәселе – отбасының қажетті көмекті қаншалықты жылдам ала алатыны және оған жету үшін қанша жол жүруге мәжбүр болатыны.
Балалар арасындағы білім айырмашылығы қалай қалыптасады?
Француз әлеуметтанушысы Пьер Бурдье баланың қоршаған ортасынан алатын білімі, сөйлеу мәнері, әдеттері, мәдени тәжірибесі мен қарым-қатынас дағдыларын «мәдени капитал» ұғымымен түсіндірген. Бұған сұрақ қоя білу, оқыған кітапты талқылау, бейтаныс ортада бағдар табу және кері байланыс сұрау сияқты дағдылар жатады. Мұндай тәжірибенің бір бөлігі бала мектепке бармай тұрып-ақ отбасында қалыптасады. Уақыт өте келе бастапқы шағын айырмашылықтар ұлғаюы мүмкін.
«Бала көптеген нәрсені мектептен тыс уақытта үйренеді. Үйде, достарымен араласқанда, үйірмелерде, кітапханада және басқа да қоғамдық орындарда тәжірибе жинайды. Алғашқы сабақ оның қызығушылығын оятып, кейін тәлімгермен жұмыс істеуге, тәжірибе жинауға, байқауларға қатысуға және болашақ мамандығын таңдауға жол ашуы мүмкін. Ал шалғай ауылдағы бала үшін мұндай мүмкіндікке қол жеткізуге көбірек уақыт, қаражат және дербестік қажет болуы мүмкін. Бұл оның қабілеті төмен деген сөз емес. Тек сол қабілетін дамытуға мүмкіндік аздау», – дейді сарапшы.
Халықаралық PISA зерттеуі де балалардың отбасындағы білім беру ортасын ескереді. 2000, 2009, 2018 және 2022 жылдардағы зерттеулерде оқушылардан үйінде оқулықтарды есептемегенде қанша кітап бар екені сұралған. Бұл мәліметтер баланың өскен ортасы мен оқу нәтижесінің арасындағы байланысты зерттеу үшін пайдаланылады.
Білім алудағы алшақтықты қалай азайтуға болады?
Сарапшының пікірінше, отбасылардың тұрмыс жағдайын бірдей ету мүмкін емес. Бірақ мектеп пен жергілікті қауымдастық отбасының мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсете алады. Мысалы, оқушы бесінші сыныпта бөлшектерді түсінбесе, келесі тақырыпқа көшу оның біліміндегі олқылықты өздігінен жоймайды. Бірнеше жылдан кейін математикадан қиындықтары тұрақты мәселеге айналып, қосымша сабақтың шығыны ата-ананың мойнына түсуі мүмкін.
Сондықтан мектеп баланың біліміндегі олқылықты ерте анықтап, нақты қай тақырыпты түсінбегенін анықтауы керек. Одан кейін қосымша кеңес, шағын топтардағы сабақтар ұйымдастырып, нәтижесін бақылаған жөн. Сарапшы сапалы білімнің негізі – мектептегі сабақ екенін атап өтті. Мұғалімдерге сабаққа дайындалуға, оқушылардың нәтижесін талдауға, әдістемелік қолдауға және балалардың қажеттілігіне қарай оқыту тәсілін бейімдеуге уақыт қажет.
Егер мектеп білімдегі барлық олқылықты отбасы өз қаражатына түзетуі керек деп есептесе, балалар арасындағы айырмашылық одан әрі ұлғая түседі.
Жазира Асанова қосымша білім беру саласында да нақты статистика жинау қажеттігін айтады. Оның пікірінше, мәліметтерді тек облыс бойынша емес, аудан, ауыл және шағынаудан деңгейінде де қарастыру керек.
Атап айтқанда:
- Әр мың балаға шаққанда қанша үйірме бар?
- Тегін үйірмелерге қанша бала тұрақты қатысады?
- Балалар сабаққа жету үшін қанша уақыт жұмсайды?
- Отбасы ваучер немесе маман көмегін қанша уақыт күтеді?
Осындай деректер қай жерде жаңа үйірме ашу, қай жерде көлік қатынасын ұйымдастыру немесе қосымша маман тарту қажеттігін анықтауға көмектеседі.
Ата-ана мен мемлекет не істей алады?
Сарапшы ата-аналар баласының әр кешін ақылы үйірмелермен толтыруға міндетті емес екенін айтады. Бірге кітап оқу, оқығанын талқылау, жергілікті мәдени іс-шараларға қатысу, тегін оқу материалдарын пайдалану және ортақ жобалар жасау да баланың тәжірибесін кеңейтеді. Бұған қоса, ата-анасының уақыты немесе қаржысы жетіспейтін отбасыларға көмектесетін бағдарламалар бар.
Мысалы, Сингапурдағы kidsREAD бағдарламасы аясында еріктілер әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларымен тұрақты түрде кітап оқиды. Бұл олардың сөйлеу қабілетін, сөздік қорын және кітапқа деген қызығушылығын дамытуға бағытталған. Сондай-ақ қоғамдық кітапханаларда балалар мен отбасыларға арналған сабақтар ұйымдастырылады.
Қазақстанда да тегін мүмкіндіктер туралы ақпараттың қолжетімді болуы маңызды. Ата-аналар мемлекеттік тапсырыс аясында қандай үйірмелер тегін өткізілетінін және мектеп қандай көмек ұсына алатынын білуі керек. Қазір мұндай ақпаратты әртүрлі сайттардан, чаттардан және хабарландырулардан іздеуге, мекемелерге телефон соғып нақтылауға тура келеді. Бұл әсіресе аудан орталықтары мен ауыл тұрғындары үшін қиындық тудыруы мүмкін.
Сарапшының айтуынша, бұл мәселеде мектеп, жергілікті атқарушы органдар, мәдениет мекемелері мен бизнес өкілдерінің міндеттері әртүрлі болғанымен, олардың жұмысы өзара үйлесуі қажет. Мектеп білім сапасына, баланың оқуындағы олқылықтарды ерте анықтауға және қажетті қолдау көрсетуге жауапты. Жергілікті органдар үйірмелердің, көлік пен қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігін қамтамасыз етуі керек. Ал мәдениет мекемелері мен әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін бизнес ұзақ мерзімді бағдарламалар арқылы бұл жұмысты толықтыра алады.
«Балалардың мүмкіндігі тең екенін анықтайтын басты өлшем – ашылған үйірмелердің саны немесе барлығына арналған бірдей сабақ кестесі емес. Ең маңыздысы – отбасының табысы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, әр баланың негізгі білім бағдарламасын меңгеруі, қажетті көмек алуы және өзі қызығатын бағытта қабілетін сынап көруі.
Мұндай мүмкіндікті тек мектептің немесе отбасының күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл үшін білім беру жүйесі, мәдениет мекемелері, жергілікті басқару органдары мен басқа да тараптардың бірлескен жұмысы қажет. Мемлекеттің міндеті – барлық отбасының өмір сүру жағдайын бірдей ету емес, олардың арасындағы айырмашылық балалардың болашағын айқындап бермеуіне жағдай жасау», – деп түйіндеді Жазира Асанова.